ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАҚ ОРДАСЫ

Отыз жыл – тарихи тұрғыдан алғанда тым қысқа мерзім. Біздің еліміз осы кезең ішінде басқа мемлекеттер жүз жылдан астам уақыт жұмсаған іргелі өзгерістерді жүзеге асырып, өзінің бейбітшіл ұстанымын, түрлі салада қол жет­кізген жетістіктерін бүкіл әлемге танытып, мойындата біл­ді. Осы жетістіктердің бірі һәм бірегейі — еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан.

Сайын Сарыарқаның тө­рінде тә­уел­сіз­дігіміздің ай­шық­ты айғағы іс­петті әсем елор­да­мыздың бой көтеруі – біздің ауыз толтырып айтатын тамаша жетістіктеріміздің бірі. Ол жөнінде Елбасы: «Бұл – менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда», деген еді. Өтпелі кезең қиындықтары қысып, елдің болашағы бұлыңғыр тартқан тұста көрегендік танытып, осындай тарихи шешім қабылдаған және оны жүзеге асыруға тікелей бас болып, барынша қайрат көрсеткен Елбасымыз қандай марапатқа да, қошеметке де лайықты.

Елорда еліміздің бас қаласы атанған кезден бастап ерекше қарқынмен дамып, 1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» атағын алды. Осында дауласқан жұрттарды бітістіріп, тартысқан тараптарды табыстырған, ынтымақ пен бітімгершілікке бастаған талай халықаралық іс-шаралар өтті. Соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді 11 жылдан соң бір үстел басына жинаған Астана саммиті мен Сирия мәсе­ле­сін шешуде маңызды рөл атқарған Астана процесін ерек­ше бөліп айтуға болады. Соның бәрінің бел ортасында өзінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларымен бүкіл әлімге белгілі болған, ынтымақтастықтың, қа­уіп­сіздіктің, дамудың басты жақ­таушысы Елба­сымыз Нұр­сұлтан Назарбаев жүрді. Мем­ле­кетіміздің тарихынан сыр шер­тетін осы бірер фактілердің өзі еліміздің тәуелсіздігі мен Елба­сы­мыздың есімі бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын, өзара байланысты ұғымдар екенін көрсетеді.