ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАЛҒЫНДАРЫН ТӘРБИЕЛЕУ — ЗОР МӘРТЕБЕ
Бала — әрбір ата-ананың бауыр еті. Осы өмірдегі ең қымбет қазынасы, қуанышы, «көзінің нұры, көңілінің гүлі» болған перзентінің жақсы болуын әркім-ақ қалайды. «Балаң жақсы болса — екі көздің шырағы, Атың жақсы болса — бұл дүниенің пырағы» дегендей, өмір есігін жаңа ашқан жас шыбықтай сәбидің есейгенде көрсетер мінез-құлығы ата-анадан, ұстаздан, ортадан жұғады.
Баласын қазақ қалай тәрбиелеген? «Бес жасқа дейін патшадай күт, он беске дейін құлындай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген. Бүлдіршін күнінде махаббат пен мейірімге қанса өзіне сенімді, батыл болады. Он беске дейін жұмсау арқылы өмірдің ыстығына қыңбай, суығына тоңбай шығуға шынықтырады. Сосын досындай сырласып, қажет жерінде кеңесіп отырады. Дана бабалардың бір ауыз сөзіне бүкіл тәрбиенің өзегі сиып кеткен. Көнекөздеріміз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, балапанын алысқа талпындырып, үлкен үміт күтеді. Туысқандық қатынасты сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты көркем мінездеріміз кім-кімге де үлгі етуге тұрарлықтай.
Тәрбие деген «атауы нәзік, астары қалың» мәселеде Отбасы институтының орнын ешкім баса алмайды. Десек те, қоршаған орта жайлы түсінік қалыптастыру, тіл үйрету, сауат ашу, көпшілік ортада ойын еркін жеткізуге баулитын, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді насихат ететін БАЛАБАҚША деген ортаның тәлімі ауадай қажет.
Бүгінгі таңда өзім жұмыс жасайтын Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Ұлғайсын ауылы Б.Сейсекенов атындағы жалпы білім беретін мектептің жанынан ашылған «Балерке» шағын орталығында 29 бала тәрбиеленуде. Әр балаға жеке көңіл бөліп, қабілетін тауып, дарынын тану үшін жұмыс жасаймын. Мәселен, бірі сурет салғанды, екіншісі ән айтқанды ұнатады. Ғалымдар «Әр ата-ана 5 жасқа дейін баланың неге қабілеті барын табуы тиіс» дейді. Осы жағынан ата-анаға тәрбиеші көмекке келеді. Балаға «ТҰЛҒА» деп қарап, жанының қалауын, қызығушылығын таба білсем — мақсатымның орындалғаны.
Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. … бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», — деп айтып кеткен. Біздің дана халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін жай іс деп қарамай, елдің ертеңін, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырмыз деп есептеген. Бала күнінен жеті атасын жаттатып, шежіреден аңыз қылып әңгіме құрап айтқан. Ақсақалдар, елдің жақсылары бас қосатын жиынға жанынан қалдырмай ерте барған. Есіктің аузында, әкесінің тізесінде ойнап отырған баланың ақ парақтай санасына салиқалы сұқбаттар жазылып қалатынын білген. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» деп, Құлагерді құлын күнінен таныған сыншыдай балаларының арасындағы ерекше көшбасшыларын біліп, болашағына үмітпен қарап отырған. Жаман мінез-құлықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға – қырық үйден тыйым» салған. Бұл бала тәрбиесі бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, тәрбие деген бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді. Тәуелсіз елдің туын көтерер бақытты балғындарды тәрбиелеу де зор мәртебе деп санаймын.
Айнур АБИЛХАЙЫРОВА,
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы
Ұлғайсын ауылы
«Балерке» шағын орталығының тәрбиешісі.