ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БҮГІНГІ ШЫҚҚАН БИІГІ

Тәуелсіздік жолындағы күрестің соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының желтоқсан қозғалысына да отыз жыл болады. Осы бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы көтерілісте қаншама жастарымыз шейіт болып, кейбіреулері әлі күнге дейін зардабын көріп отыр. Халқымыздың басына бұлт үйірелген сол сұм күндердің құрбандары – Қайрат Ноғайбайұлы, Ләззат Асанқызы, Ербол Сыпатайұлы және т.б. Отызды ордалаған тәуелсіздік тарихында Қазақстан талай-талай тамаша табыстарға қол жеткізді. Солардың арасындағы ең шоқтықтысы – ТМД мемлекеттері арасынан, Азия елдерінің арасынан, мұсылман әлемі арасынан, түркі тілдес мемлекеттер арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайланғандығы.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың мәлімдемесінде айтылғанындай, биылғы үшінші тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі екі мың оныншы жылы желтоқсанның бірі — екісінде Астанада осы аса ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Биік беделді халықаралық ұйым Саммитінің он бір жылғы үзілістен соң біздің елордамызда өткізілуі Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы көптеген жылдардан бергі күш-жігерінің нақышты нәтижесі болмақшы. Бұл шешімнің біздің еліміз үшін қандайлық тарихи маңызы бар екенін Президент Назарбаев өз мәлімдемесінде әділдікпен әрі әдемі айтты.

Елбасымыз былай деді: “Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес”. Бұл сөздер әрбіріміздің жадымызда жаңғырып жүрсе дейміз. Барша отандастарымыз өз мемлекеті Елбасысының, жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен мемлекетқұрушысының көшбасшылығымен қол жеткізген, бұрын-соңды болып көрмеген халықаралық табысын мақтаныш етуге құқылы.

Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады. Біз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап туған Қазақстанымыздың қаз тұрып қалыптасуына, оның небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, бүгінгі шыққан биігі мен қол жеткен жетістіктеріне зор үлес қосқан барша қазақстандықтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ә.ҚАРАТАЕВА