ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ДАМУЫНА ҚОСҚАН ТАРЫДАЙ ҮЛЕСІМ

«Балалардың құқығын, денсаулығын сақтау, жас ұрпаққа білім беріп, дамыту – біздің басты мақсатымыз. Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек. Біз әр баланың үніне құлақ асуымыз қажет».

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Баланы артта қалған із дейді қазақ. Ұрпағының ұлықты болуы үшін тәрбиені құрсақтан бастайды. Барын алдына тосып, мейірім мен махаббатқа қандырып өсіруде Отбасы институтының орнын ешкім баса алмайды. Десек те, қоғамдық ортаға бейімделу, сауат ашу, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге баулитын тәрбие мен тәлім ордасы БАЛАБАҚШАның жөні бір бөлек.

Мектепке дейінгі білім ордасында әр тәрбиеші алдына келген тарыдай баланың бойына ізгілік дәнін себуге ұмтылады. Өзім жұмыс жасайтын Қызылорда облыстық білім басқармасының Қармақшы ауданы білім бөлімнің №18 «Қуаныш» балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленеді. Заманға сай ғимараттың кең де жарық бөлмелерінде балалардың бар қажеттіліктері қамтамасыз етілген.

Балабақшамызды ұзақ жылдар абыроймен басқарған Қарабейсенова Гүлнәр Өтегенқызы 2018 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Содан бері Нукесариева Мадина Тиышбайқызы ұжымымызды біліктілікпен басқарып келеді. Татулықты ту еткен 10 педагог бар ынта-жігерін саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында сарп етуде.

«Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс…» — деп ақын, педагог Мағжан Жұмабаев қалың жұртты қазақы тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді. Біз ұлтжанды, Отансүйгіш, дәстүрін танып, салтын сақтаған сапалы ұрпақ тәрбиелесек дейміз. Бесік жырымен буыны бекіп, ертегі тыңдап ес жиып, тарихи дастандармен құлақ құрышын қандырып өскен ұл мен қыздың елжанды болмауы мүмкін емес.

Осы жағына ерекше мән беріп, әрбір ертеңгілікте дәстүрлі өнерге, халықтық ән-күйге басымдық береміз. Қолкүрес, бәйге, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды үйретеміз. «Тамырын тереңге жіберген дарақтың ғұмыры ұзақ» болатыны ақиқат. Біздің де бүлдіршіндеріміз өзінің ұлттық болмысын, тарихын тереңнен танып, біліп өссе, болашақтары кемел болмақ.

Баланың жақсы азамат болып өсуі үшін еңбекпен етене жақын болуы маңызды. «Еңбектің наны тәтті» екенін бүлдіршіндерге ертегі, мысалдар арқылы түсіндіреміз. Балабақшадағы жабдықтарды дұрыс пайдалану, әр заттың қадірін білу арқылы ұқыптылыққа үйренсе, топтық жұмыстарда бір-біріне көмек көрсету арқылы бауырмалдыққа бойын үйретеді.

Өз қолымен бұйымдар жасауға баулимыз. Аяқтаған жұмысын мақтап, өзіне сенімділік сезімін ұялатуға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, бүлдіршіндер еңбекті сүюді әдет етіп, еңбек ету арқылы бақытқа жететінін түсінеді.

Мен алдымда отырған әр баланы жанып тұрған шыраққа теңеймін. Қабілетін тауып, қызығушылығын тани білсек, шырағын маздатқанымыз. Мақсатымыздың орындалғаны. Елдің ертеңі болар ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу — Тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан тарыдай үлесім деп білемін.

Жанар ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы,

№18 «Қуаныш» балабақшасының тәрбиешісі.