ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МӘДЕНИ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап мемлекетіміздің тарихты түген­деу мақ­сатында «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­масын жүзеге асырғаны мәлім. Одан кейін ұлттың жаңа тари­хи дү­ние­та­нымдық көзқарасын қалып­тас­тыруды мақсат еткен «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдап, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтаудың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтағаны да бел­гілі. Соңғы кезде қоғамдық сананың, көз­қарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді.
2020 жылы еліміз ұлы ақын Абай Құнан­байұлының 175 жылдық мерейто­йын атап өтті. 10 тамыз – «Абай күні» бо­­­лып жарияланды. Әрине, ғұламаға ар­нал­­ған іс-шаралар бір жылмен ғана шек­телмейді. Дәстүрлі түрде жалғаса бере­ді. Кемең­гердің еңбектері әлемнің 8 тілі­не ауда­­рылып, шетелде Қазақстанның елші­­ліктері жанынан 8 «Абай орталығы» ашылды.

Ұлыларымызды ұлықтау, олардан қал­ған мәңгі мұраны болашақ ұр­пақ­қа жеткізу – ұлттық руханиятты дамытудағы жұмыстарымыздың бас­ты бағыттарының бірі. Биыл жыр алы­бы Жамбылдың 175 жылдығы аясын­да «Жамбыл жылының» шымылдығы ашылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханның 155 жылдығы республика көле­мінде аталуда.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды ша­һар­лары­мыз жанданып, тарихи ескерт­кіш­тері­міз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақ­та­лып, қорымыз байы­ды. Ұлттық өнері­міз әлемдік дең­гей­де паш етіле бас­тады. Сондықтан, еліміз жүріп өткен 30 жыл жемісті болды деуге толық негіз бар.