ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ: АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссия отырысы өтті. Жиында еңбек қатынастары саласындағы ағымдағы жағдай, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссияның атқарған жұмыстары қорытындыланды.

Биыл үшжақты комиссияның 15 отырысы өтіп, әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері талқыланды. Еңбек қатынастарын реттеу бойынша жеке тұлғалардың 831 арыз-шағымдары мен өтініштері заңға сәйкес қаралып, тиісті жауаптары берілді. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 172 тексеру жүргізіліп, 254 заңбұзушылық анықталды. Тексеру нәтижелерімен 7,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 5,8 млн. теңге айыппұл өндірілген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 56 кәсіпорындағы 2121 жұмыскердің 230,5 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтелді. 2021 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша түзілген және жұмыс істеп тұрған ұжымдық шарттың саны 1505-ке жетті.

Қала әкімі М.Әйтенов әлеуметтік әріптестер белсенді жұмыс жүргізуі қажет екенін атап өтті.
– Әлеуметтік шиеленісті тудыратын, жалақы қарыздары, еңбек заңнамасының бұзылуы сияқты сұрақтар біздің күн тәртібімізден түспейтіні анық. Бірлесе қала аумағындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуіміз қажет. Қауіпсіздік талаптарына сай еңбек ету – бұл әрбір тұрғынымыздың Конституциялық құқығы. Сондықтан, бірінші кезекте кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбекті қорғау шараларының тиімділігін арттыру қажет, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, тиімді әрекеттерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырған жөн.
Қалада 112 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген, 3 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» берілген. Әлеуметтік әріптестер осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Жалақы қарыздарын болдырмау, өндірістердегі жарақаттану деңгейін төмендету – біздің ең басты басымдығымыз. Барлығыңызды белсенді әрекет етуге шақырамын, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, комиссия отырысында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов, «Шымкент қаласының «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Б.Әлтеев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Комиссияның бүгінгі отырысы «Еңбек күні» мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылғандықтан «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының номинациялары бойынша өңірлік деңгейдегі жеңімпаздары марапатталды.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен еңбек қауіпсіздік құрал-жабдықтары таныстырылды.