ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ: ЕҢБЕК ЕРІ ҚАМАР ҮСЕНБАЕВА
8 қазан күні күріш атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасары, «Еңбек Қызыл Ту» және «Ленин» орденінің иегері, «Құрметті азамат», Қыркеңсе ауылының тұрғыны, ардақты ана Қамар Сақықызы Үсенбаева өмірден өтті. Қиын-қыстау кезеңде білек түріп еңбек еткен, елдің егемендігіне адал термен үлес қосқан әзиз жанның үлгілі ғұмыры туралы тарқатып кетсек.
Жаңа ғасырдың жарқын парағын ашып, жапан далада жайқалған егін егіп, тусыраған түзде алып құрылыстардың қазығын қаққан құрыш қолды еңбек адамдары қатарында нәзік жандылар аз болмады. Біз сол кезеңдері еңбектің алдыңғы сапынан табылған елге көрік, сертке берік әйел-аналар жөнінде еске алсақ, Камшат Дөненбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Қамар Үсенбаева, Сәлима Жұмабекова, Айжамал Рүстемова, тағы да осындай ардақты жандардың бейнесі жарқырап шыға келеді. Солардың ізбасары Қамар Үсенбаева алпысыншы жылдардың орта кезі мен жетпісінші жылдардың ішінде ауданда мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы, оның ішінде күріш дақылының көлемін ұлғайтып, одан мол өнім өндіру қолға алды.1942 жылы Бірлік ауылында дүниеге келген. Ата-анасы қиын-қыстау жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған екен. Жетісайдың Мақтарал ауылында тұрған. 1967 жылы елге оралады. Шаруашылық директоры Әбдіғаппар Нұртазаевтың рұхсатымен 20 гектар жер алып, күріш еккен. Қарамағында осы елге жер ауып келген кәріс азаматтардың үшеуі бар еді, олар күріштің жайын жақсы біледі ғой, ә дегеннен жабайы жерді бағындырып, егіннен мол өнімге негіз қалады.Аз уақытта зор көрсеткіштерді иеленіп, маңдайалды күрішшілер қатарында санала бастады. 1971 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, 1975 жылға дейін ел аманатын орындау жолында тер төкті. 1982 жылы КПСС Орталық Комитеті Пленум мүшесі болды. Облыстық Кеңеске 3 рет сайланды. Қазақстан Компартиясы ХV съезіне делегат болып қатысып, Орталық Комитет Президиумына мүше болып сайланды. 1991 жылы елу жасымда зейнеткерлікке шыққан.
Біздің есімізде, Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары қатарында осы Қамар апамыз даңғайыр диқанның Үндеуіне үн қосты. Қыздар звеносының алғы шебінде жүрген даңқты апамыз 1980-85 жылдары 122 центнер өнім келтіріп, Социалистік Еңбек Ері атанған Аралбек Әбиев ағамыздың ізін басып, «100 центнерші» атағын көпке дейін меншіктеп, ел мерейін тасыта білді.Кешегі кеңестік кезеңдері маңдайалды еңбек озаттары қоғамдық жұмыста да алдыңғы шептен танылып, халық мүддесін қорғауда саяси сауаттылығы жөнінен де жоғары деңгейде болуы тиіс болды. Сондықтан да бейнеттен сәл қол босай қалса, күнделікті баспасөзді қадағалап оқып, лекторлардың сабағына жүйелі қатысып, қоғамның тыныс-тіршілігімен терең хабардар болу коммунистік партия қатарында жүрген әрбір коммуниске үлкен міндет болатын. Көп нәрсе қолмен атқарылатын сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде жүйкені жұқартпай, нәзік жандарға тән жұмсақ мінездерінен танбай, тығырықтан жол таба білген даланың төл перзенттері бір-біріне сүйеу, сырлас та, сыйлас та бола біліпті.Сол кездегі ауыртпалықтарды жеңген қажыр-қайраты бүгін айтып отырса аңыз сияқты. Ол көздегі басшы болсын, қосшы болсын адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі терең еді. Қамар апаның етінің тірілігі, қатал тәртіпке бас иген қалтқысыз әдеп-дағдысынан жаңылмағаны өз-өзін ұстауынан, жүріс-тұрысынан әлі де байқалып тұратын.Қамар Үсенбаева 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордені, 1975 жылы «Ленин» орденімен марапатталған екен. Өмірінің соңына дейін қоғамдық тұрмыстан қол үзбей, ауылдағы әйел-аналарға қолбасшы болып келді. Ері Үсенбаев Еркін Қыркеңсе ауылы ақсақалдар Кеңесінің белді мүшесі. Елдің батагөй қариясы. Балалары – Бақыт ауылдағы қожалықта жұмыс атқарса, келіні Кенже Сабирова №213 мектептің таңдаулы ұстазы. Қыздары Анар Үсенбаева да озат мұғалім.Даңқ дегеніміз – атақты иелену ғана емес, абыройды сақтаумен келетін дәреже екен. Атақты әрқалай жолмен иеленуге болады: оны сатып та, жолын жасап та иеленуге болады екен. Ал абыройды халық береді. Елдің қалауымен биік абыройға жеткен қос еңбек адамының ел Тәуелсіздігіне еңбекпен қосқан үлесі ұрпақ жадында жаңғыра берері хақ.
Н.БАКИРОВ