ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ: ҚАРИЯЛАР — ЕЛ ГҮЛДЕНУІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚАЗЫНАЛАРЫМЫЗ

Бүгінгі зейнеткерлердің балалық шағы сонау соғыс жылдары мен одан берідегі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген. Соған қарамай біздің замандастарымыз – еңбекқорлығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен танылған буын.
Бұл кісілер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтарды да еңсеріп, Тәуелсіз еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан қайраткер ұрпақ. Шымкенттің бүгінгідей әсем қалаға айналуында да осы ұрпақтың көп еңбегі сіңген. Сондықтан халықаралық қарттар күнінде бүгінгі ел ағаларына, ақ жаулықты әжелерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды деп ойлаймын.
Бүгінде біздің ұйым қаладағы 82 мыңдай ардагердің әрбіріне көңіл бөліп, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, олардың мүдделерін қорғауға ұмтылып келеміз. Екінші жағынан аға буынды жас ұрпаққа адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ісіне тартып отырамыз. Халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген сөзді текке айтпаған ғой. Ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып келеді. Олар кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандыққа, Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеп, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасы мен ертеңгі күнге деген сенімін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Құдайға шүкір, бүгінде жастардың көпшілігі білімді, ізденімпаз, еңбекқор әрі жаңалыққа бейім. Дегенмен, олардың арасында ұлттық дәстүр мен қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатқандары да кездесіп қалады. Жастардың бір бөлігі жаһанданудың ұйығына жұтылып, тым еуропаланып бара жатса, екінші бір топ бағыты күмәнді діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқанын көргенде ел ағаларының жүрегі сыздамай тұрмайды. Сол себепті ардагерлер ұйымында, оның ішінде көптеген бастауыш ұйымдарда да «Әкелер мектебін» құрдық. Мақсатымыз – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-әжені, ата-ананы қадірлеу, уәдеде тұрып, сертке берік болу, бөтеннің ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жастарды бүкіл қоғам болып ұлттық дәстүріміз бен салт-санамызға сай, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге сүйене отырып тәрбиелесек, ел ішіндегі қылмыстың, ажырасудың көбеюі мен жемқорлықтың дендеп кетуі секілді рухани проблемалар біртіндеп шешілері сөзсіз. Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы мен оның белсенді мүшелері бүгінде осынау ауқымды жұмыстың, күнделікті жалғасып жатқан ымырасыз күрестің басы-қасынан табылып жүр.

Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы қаланың орталығындағы жаңа, жайлы, зәулім ғимаратқа көшті. Дәлірек айтсақ, қаладағы Мұхамед Хайдар Дулати көшесінің бойындағы қарттарға арналған «Асыл жүрек» атты сауықтыру орталығының ғимаратына жайғастық. Мұнда белсенді ардагерлеріміздің жұмыс істеуіне, бас қосуына барлық жағдай жасалған. Ардагерлер ұйымына осылай көңіл бөліп, қамқорлық танытқаны үшін қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұйым еңбек ардагерлерінің жағдайын жасап, мүддесін қорғау үшін көп шаруа атқарып жатыр. Бір ғана мысал айтайын, жақында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылығымен келісім жасадық. Университеттің мамандары аға буын өкілдерін компьютерлік сауаттылыққа оқытатын болды. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан қазіргі заманда ақсақалдар тым болмаса, компьютермен мәтін теріп, интернеттен керегін іздеп тауып, электронды поштаны пайдаланып үйренсе, мұның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Қазан айында алғашқы лекпен 15-20 қария осындай оқуға барады деп жоспарлап отырмыз.

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,

Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.