ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҰТҚАЛАРЫН ТӘРБИЕЛЕЙТІН АНАЛАР

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы жастар ресурстық орталығының және «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен жас аналар мен қыздар арасында «Аналар ұлағаты — ұрпаққа аманат» тақырыбында іс — шара өтті.

Домалақ ананың даналығы, Зере, Ұлжан аналардың ақылмандығы, Қарашаш ханымның қара қылды қақ жарған әділдігі бүгінгі аналарымызға да қажет-ақ. Бұл шараның мақсаты: жастар арасында қазақстандық патриотизмді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосу. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі ету.

Әйелдердің еңбекқорлығы, қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы қыздармен ой бөлісу. Кездесуге Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Әл-Фараби аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Тұрсынай Барлыбаева, мүшесі Ұрзада Ақжигитова және Райхан Халилаева қатысты.

Аталмыш шарада отбасы құндылығы, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат-мүдделері туралы ой қозғалып, жастардың толғандырған сұрақтарына жауап алды.