ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРЫНА ЖАСАЛҒАН ИГІЛІКТІ ЖАҒДАЙЛАР
Біздің жастарға мақсаткерлік, болашаққа деген нық сенім, сарқылмас қуат, бастамашылдықты өз қолына алуға ұмтылу сияқты жақсы қасиеттер тән. Біздің елде дарынды жастарға ерекше орын беріледі. Дарынды жастарға қолдау көрсетудің бірегей қазақстандық жобасы «Болашақ» шетелде білім алу стипендиялық бағдарламасы болды. Соның арқасында өткен 20 жылда 10 мыңнан астам дарынды жас қазақстандық әлемнің жетекші Alma materінде білім алды. Олар бүгін Қазақстанның игілігі үшін еңбек етуде.
«Жасыл ел» Ұлттық жобасы бұқаралық жастар қозғалысына айналды. 2005 жылдан бері жастардың еңбек жасақтарының қатарында күллі Қазақстан бойынша 200 мыңнан астам адам еңбек етті. Олар 111 мың га жерді өңдеп, бүкіл ел бойынша 44 млн. жасыл желек отырғызды.
Тағы бір маңызды жоба – «Дипломмен – ауылға!», ол да өз жемісін беруде. Соңғы екі жылда ауылға келіп, жұмысқа орналасқан педагогтардың саны 1,8 есеге артты, ал олардың жалпы саны – 2,7 есеге ұлғайды. Жастардың жұмыспен қамтылу міндеттері табысты шешілуде. Еңбек еткісі келетіндердің, ең бастысы, еңбек ете алатындардың барлығы әрқашан жұмыс табатынына сенімдімін. Сондықтан да қазақстандық жастардың жаңа буыны еңбек, жұмыс, табыстылық секілді қарапайым, негізгі құндылықтарды ұғынып келеді. Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып, Қазақстанды көркейтуге қадам жасады. Жас болса да бас болған адам үнемі көш бастайтынын жастар да жадында сақтауы тиіс.
Тек еңбек қана жастарға жолындағы барлық кедергілерді еңсере отырып, ілгері басуға мүмкіндік береді. Адам қайраттанып, табысты еңбек еткен сайын, оның өмірі одан да табыстырақ бола түседі. Тек тұрақты жұмыс қана өмір сапасын қамтамасыз етеді. Мемлекет жастарға жан-жақты көмек көрсетуге тырысады: Қазақстанда жұмысшы кадрларды даярлаудың дуалды жүйесі дамып келеді, енді кәсіби мектептердің оқушылары оқумен қатар өндірісте тәжірибеден өтеді. Бұл модель «Қазақмыс» кәсіпорнында, Дөң тау-кен байыту комбинатында, Павлодар электролиз зауытында енгізілді. Одан басқа, балалар «Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары – Павлодар мұнай-химия зауытында, KEGOC-та, «Қазатомөнеркәсіпте» және «Қазақтелекомда» тағылымдамадан өтуде. Өндірістік мәселелерден басқа біз жастарға әлеуметтік проблемаларды шешуде де көмек көрсетеміз – «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға жылына үш мың пәтерден бөлінетін болады. Жас ұрпақ ортақ байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайтып, елдің жетістіктерін арттыра отырып, Отанымыздың игілігі үшін бұдан әрі де еселі еңбек етеді деп сенейік.