ТӘУЕЛСІЗ ЕЛГЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР: ПЕДАГОГ БАҚЫТЖАН ӘУЕЛБЕКҰЛЫ
1961 жылы 1 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының «Большевик» ұжымшарында (бұрын Ленин ауданына қараған) дүниеге келді. 1968-1978 жылдары Леңгір қаласындағы №5 мектепте орыс тілінде білім алды. Мектептен кейін Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, 1980-1982 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты. Әскерден елге аман-есен оралған соң, Шымкентте 1 жылдық бухгалтериялық мектепті бітірді.
Еңбек жолын 1984 жылы «Леңгір көмекші мектеп-интернаты» КММ-де қоймашы қызметінен бастаған. 1985 жылы осы мекемеге тәрбиеші болып ауысты. Сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1990 жылы дефектолог-олигофрено-педагог мамандығы бойынша ойдағыдай бітірді. 1990 жылы өзі еңбек еткен мектептің мұғалімі болып еңбек еткен ол 1991 жылы осы
мекемеге оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл қызметті 10 жыл жемісті атқара алуының нәтижесінде 2001 жылы аталған білім беру мекемесіне директор болып тағайындалады. Содан бері осы қызметті абыроймен атқарып келеді.
Бақытжан Әуелбекұлы балалықтың балғын шағында жетімдіктің ащы дәмін татқан, ата-ана қамқорлығынсыз
қалып, тағдыр талқысына тасталған, мүмкіндігі шектелген балаларға суықта пана, ыстықта сая болатын мектеп-интернаттың тізгінін ұстаған 17 жылға жуық уақыт ішінде көптеген игі тірліктердің ұйытқысы бола білді. Әріптестері оны тағдыр құқайын ерте тартқан интернат тәрбиеленушілерінің ішкі көңіл-күйіне терең үңіліп, жүректеріне жол таба білген жан ретінде бағалайды.
Білікті маман интернаттағы өрендердің танымдық қызметін дамыту, бала бойындағы ауытқуларды түзету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жандандырды. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерінің дамуы жағынан жеңіл түрде артта қалған немесе қандай да бір физикалық кемшіліктері бар жасөспірімдермен жұмыс жүргізуіне бар жағдайды жасады.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары білім саласы тоқырауды басынан өткергені белгілі. Қиыншылықтар
Ленгір көмекші мектеп-интернатында 2001 жылдың өзінде де айқын көрініп тұрды. Асхана жөндеуді, жатақхана
толықтай жаңартуды қажет етті. Бұл онсыз да денсаулығында кінәраты бар балалардың көңіл-күйіне кері әсерін
тигізбей қоймады.
Қазынадағы қаржының ретіне қараса, көп уақыт жоғалтып алатынын бағдарлаған Бақытжан Әуелбекұлы бұл
проблемадан шығудың жолын іздеді. Сөйтіп, 2002 жылы жетім көрсе жебей жүретін жомарт жандардың демеушілігімен интернаттағы асхананың қазіргі заманға сай жабдықталуына, жатақхананың жөнделуіне ұйытқы болды.
Біткен істердің қатарында моншаның да салынуы бөле-жара айтарлық жәйт. Мұның барлығы балаларды әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілуіне жол ашты.
Бүгінде материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылған мектеп-интернатта балаларға барлық жағдай
жасалған. Сонымен қоса Бақытжан Аманжолов қарамағындағы мамандардың шеберлігін үнемі шыңдап жүреді. Нәтижесінде білім мекемесінде балалардың әрбір дене мүше қызметін дұрыс қалыптастыру бағытындағы көрсеткіштер жыл өткен сайын жақсарып келеді.
Бастапқы кезде қатардағы мұғалім болып, жылдар өте басшылық қызметке көтерілген ұлағатты ұстаз қоғамдағы
белсенді қызметі үшін 1996 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне, 2007 жылы
Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», 2009 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгілеріне ие болды.
Ертеңгі күннің иесі болып саналатын жас өскіндерді тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін ол 2010 жылы «Нұр Отан»
партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының, 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының
Грамотасымен марапатталған. Білікті басшы ретінде оған 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің Құрмет грамотасы тапсырылған.
Қаншама жастың жүрегіне жылы естелік қалдыра алған Бақытжан Әуелбекұлы – отбасында да жылылық пен
ұлылықтың үлгісіндей болған асқар таудай әке. Өмірлік жары, ұлағатты ұстаз Жұпар Әбдуәліқызымен бірге 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 6 немере көріп отыр.