ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН — БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК КӨШБАСШЫ
Қазақстан тәуелсіздік алғалы білім беру саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Білім мен тәжірибені ұштастыра оқыту арқылы адами капиталды арттырып, халықтық сананың деңгейі жоғарыламақ. ҚР Тұңғыш Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында адами капиталдың сапасын жақсарту аса маңызды басымдықтар қатарына жатқызылды.
Бүгінге дейін білім саласын биік белестерге шығарған орта кәсіптік білім беру жүйесін қайта ұйымдастыру; ұлттық жоғары білім беру жүйесін Болон процесіне қатысушы елдердің білім беру жүйелерімен жақындастыру: ECTS академиялық кредиттері; студенттердің, ПОҚ мен әкімшілік персоналдың академиялық ұтқырлығы; дипломға еуропалық қосымша; жоғары білімнің көп деңгейлі құрылымын және әлемдік білім беру практикасында танылған академиялық дәрежелер жүйесін енгізу; жоғары кәсіптік білім мамандықтары бойынша алғашқы Қазақстандық білім беру стандарттарын қабылдау және үш жүзден астам мамандықты көздейтін ҚР жоғары білім мамандықтары жіктеуішінің (тізбесінің) жаңа редакциясын бекіту; мемлекеттік білім беру мекемелері үшін бәсекелестік орта құрған мемлекеттік емес білім беру секторын дамыту; білім беруді басқару жүйесін орталықсыздандыру және білім беру ұйымдарының академиялық бостандықтарын кеңейту; білім беру қызметтерінің нарығын құру; ЖОО білім алушылары үшін академиялық ұтқырлық және халықаралық алмасу бағдарламаларын енгізу; Назарбаев университетін ұлттық білім беру жүйесі мен үздік әлемдік ғылыми-білім беру практикасының артықшылықтарын үйлестіретін Қазақстанның жоғары білім беруінің ұлттық бренді ретінде қалыптастыру сияқты сатылардан сәтті өткен жүйе өз жемісін беріп келеді.
Жоғары оқу орнының сапасын көтеру мақсатында да айтарлдықтай тірліктер атқарылды: жекелеген білім беру бағдарламаларын да, тұтастай алғанда ЖОО-ны аккредиттеу тетігі арқылы жоғары білім беруді қамтамасыз ету және оның сапасына кепілдік беру жүйесінің ұлттық моделі құрылды; Қазақстанның жекелеген жоғары оқу орындарына QS халықаралық рейтингіне кіруге мүмкіндік берген білім мен ғылымның интеграциясы; ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу институттары желісі қайта құрылымдаудан өтуде; қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарын дамыту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру; жоғары оқу орны және жоғары оқу орнынан кейінгі даярлаудың білім беру бағдарламаларын кеңейту және интеграциялау есебінен Пәнаралық ғылыми бағыттар құру; білім беруді басқарудың демократиялық сипатына қол жеткізу; жоғары білім беруді интернационалдандыру: үштілділік қағидаты енгізілуде; оқыту мен зерттеу жұмысының барлық бағыттарына халықаралық аспектілер енгізілуде, білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру; жалпы оқыту, жұмыс орны бойынша оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін өмір бойы оқыту жүйесін дамыту жолға қойылуда.
Қазақстандық жоғары мектептің Болон процесіне кіруі Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі ұстанымын нығайтудың шарты болды. Қазақстанның білім беру саласындағы күш-жігері мен жетістіктерін талдай отырып, қазіргі уақытта Қазақстан адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі мен білімділігі бойынша әлемдік рейтингтерде лайықты орын алуға көмектескен білім беру саласындағы реформалар бойынша өңірлік көшбасшы болып саналады деуге толық негіз бар.