ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біздің елімізде прогрессивті әлемдік тәжірибені қолданып, басқа елдердің табысының себептерін талдауға ұмтылды.

Ли Куан Юмен алғашқы кездесулердің өзі Сингапурдың басты құпиялары инвестиция тартуда жатқанын көрсетіп берді. Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, Елбасы осы жолмен жүруге шешім қабылдады.

1990 жылдары қазақстандық бизнесмендер ірі кәсіпорындардың тиімді жұмысына жауап бере алатын толыққанды инвестор бола алмады. Жаңа тәуелсіз мемлекетке шетелдік инвесторлар ауадай қажет болды.

Ірі шетелдік бизнесті ауқымды иснвестицияларға өте мұқтаж қазақстандық өнеркәсіп жобаларына тарту үшін, шынында да, үлкен күш-жігер керек болды. Бірінші кезекте, ол Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнына байланысты еді.

 

Теңіздегі америкалық әріптестермен келіссөз 1980 жылдардың өзінде басталған: КСРО- да осыншалықты күрделі кең орнын игеруге қажетті технология болмады. Дегенмен кеңестік құрылымдар Қазақстанды келіссөз процесіне тартуға асықпады. 1990-шы жылдардың басында ахуал өзгеріп, көптеген ресейлік өндіруші компаниялар өз үкіметіне қысым жасап, Теңізді игеруге біздің елімізбен келісім жасауға тырысты.

1992 жылдың күзінде мұнайшылардың және геологтардың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – мұнай-газ саласын дамыту жолы болатын. Түбегейлі қорытынды жасалды: Теңізді игеру керек! Осы кен орнының консервациясы Қазақстанды мүлдем қанағаттандырмайтын. Өйткені экономиканы дағдарыстан алып шығатын бірден-бір сала – осы мұнай-газ болатын.

Теңіздің әлеуетін толық мәнінде игере алатын компания іздеу барысында мемлекет әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі – Американың «Шеврон» корпорациясымен келіссөз жүргізуге қайта оралды. Келіссөз қиын болды әрі ұзаққа созылды, ортақ келісімге келудің сәті түспеді. Сөйтіп, 1992  жылдың наурызында Қазақстан, егер «Шеврон» дегенінен қайтпаса, Теңіз кен орнын игеруге халықаралық тендер жариялауға әзір еді. Нәтижесінде, сәті түсіп, тараптар келісімге келді. Сөйтіп 1993 жылдың 6 сәуірінде Алматыда «Теңізшеврой» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Әр тарап акцияның 50 пайызын алды, оның үстіне америкалықтар кең орнына ең кемі 20 миллиард доллар салуға міндеттенді. Бұл жас Қазақстанның бірінші ірі инвестициялық табысы болатын. Әрі бұған дейін Қазақстан экономикасына инвестиция салуға асықпаған, әлемдік халықаралық топтардың назарын елімізге аударды.