ТӘУЕЛСІЗ ҚОҒАМНЫҢ ТҰҒЫРЫН БЕКІТКЕН АТА ЗАҢ
Еліміздің Конституциясы әлемдік қоғамдастықта танылған жалпы адами және ерекше маңызы бар қазақстандық идеалдарға негізделген. Сондықтан бұл құжат еліміздің аумақтық тұтастығын, президенттік басқару нысанын, халық билігі қағидатын, идеологиялық және саяси сан алуандылықты, жекеменшікке қол сұғылмауын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде танылған құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін баянды етті.
Осылайша дұрыс әрі нақты айқындалған конституциялық саясат арқасында Қазақстан көп салада елеулі табысқа қол жеткізді. Бұл жөнінде Елбасы: «Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеуіміз керек», деген болатын.
Қазақстан халқы 1995 жылы референдумда қабылдаған Ата Заң – Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуінің құқықтық негізі болғаны анық. Содан кейінгі жиырма үш жылдың ішінде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Сол заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституция, ол азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына сапалы және құқықтық негіз жасап, қоғамды одан әрі демократияландыруға және өркениетті дамыған 30 елдің қатарына қосылуға кең жол ашып отыр.
Қорытындылай келе, Тәуелсіз еліміздің тұғыры – Ата Заң және ол мемлекеттегі заңдылықты айқындайтын басты бағдаршамы десек, артық айтқандық болмас. Шын мәнінде, Конституцияның тұрақтылығы – мемлекеттің, қоғамның тұрақтылығының және дамуының кепілі. Сондықтан Ата Заң ғұмырлы болса, Тәуелсіздік те тұғырлы болып, еліміз де көркейе бермек.