ТӘУЕЛСІЗДІГІ ТҰРАҚТЫ ЕЛ

Ғасырлар бойы азаттық аңсаған бабалардың жолы азапты, тағдыры ауыр болғаны анық. Талай зорлық, зобалаңды, алапат қырғынды бастан кешірді. Сонда да ұлт болып сақталып, бірлігі берік ел болып қала білді. Олай болатыны – мың өліп, мың тірілген өр рухты халқымыз есімдері елге ұран болған батырлар мен елге ие болған даналарға кенде болмағаны белгілі. Ең бастысы, халқымыздың еркіндік аңсаған тәуелсіздік рухы мықты еді.

Бұл арғы тарихымыз десек, кешегі Алаштың ардақтылары да халқының тағдырын айқындаудың жаңа жолдарын іздеді, азаттықтың жарқын мұраттарына жан сала қызмет етті. Оларда да «Азаттықтың ақ таңы атса екен, Тәуелсіздік келсе екен» деген жалғыз арман болды. Қабырғалы халық, іргелі ел болуды көкседі. Сол жолда жандарын да пида етті.

Бабалар арманын арқау еткен азаттық жиырмасыншы ғасырдың соңында келіп жетті. Егемен ел болдық. Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіз жас Қазақстан мемлекеті бостандықтың көк Туын желбіретті. Демократиялық жаңару жолына батыл түскен еліміз әлемдік өркениетке ұмтылуда. Елбасының кемеңгерлік көрегендікпен жүргізген саяси таңдау жолы әлемдік қауымдастықтың кең қолдауына ие болып отыр. Қазақстанның дүниежүзілік  қоғамдастықпен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын қабілетін бүгінде бүкіл әлем танып, мойындады.

Еліміздің әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырып отырған осындай жетістіктерінің астарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бабалардың өр рухымен үндестік тапқан отаншыл асқақ рухы жатыр десек, артық айтқандық емес.

Тәуелсіздік қантөгіссіз, оңай келді десек те табан тіреп, аяқтан тұру жеңіл болмағаны баршаға мәлім. Ел экономикасы құлдырап, әлеуметтік, саяси дағдарыстар басталған тұста бұлыңғыр болашаққа батыл болжам жасап, ел тізгінін өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы ел алдындағы асқан жауапкершілікті де ержүректікпен өз мойнына алған еді.

Нәтижесінде Қазақстан бүгінде халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсарған, экономикасы өркендеп дамыған іргелі елге айналды. Сындарлы сынақтардан сүрінбей өтіп, ішкі-сыртқы саясатымызды айқындап, саяси тұрақтылықты орнықтырдық. Қол жеткізген табыстар молшылық, ал болашаққа жоспары одан да бай. Ең бастысы, ел өзінің ертеңіне нық сенімді.

Ә. БӘКІР