ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

«Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азатыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» деп Елбасымыз айтқандай, сол уақытта ата-бабамыз атқа қонып елімізді, жерімізді қорғамаса, азаттығымыз үшін күреспесе бұл тәуелсіздікке қол жеткізе алар ма едік? Қайсар да батыр бабаларымыз болмаса бейбіт күннің ақ таңын сезіне алар ма едік? Арыға бармай-ақ, кешегі 1986 жылы орын алған желтоқсаншы жастар болмаса осы күнге жетер ме едік? Жоқ, олардың отан сүйгіштігі болмаса, ұлтжандылығы болмаса осы күнге жету жетпеуіміз екіталай еді. Солай ғой, сондықтан ең бірінші тәуелсіздікке қол жеткізу жолында жанын берген, қанын берген ата-баба аманатын біздер қастерлеуге міндеттіміз. Ата-бабала әруағына мың тағзым!
       Бүгінде біз қандаймыз, ата-баба арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген, алыс, жақын шет елдерде абыройы асқақ, дамушы елдердің алдыңғы қатарында келе жатқан, 30 жасқа енді толып, оңы мен солын ажыратар елге айналдық. Рәміздеріміз сайлаулы, көңілдеріміз жаздың жайма шуақ күніндей, желтоқсанның ызғарынан өткен күннің естеліктері қалғандай, жүрегімізді бір қарып өткенмен сол жастардың арқасында тәуелсіздігіміз есік ашқаны көңілге қуаныш ұялатады. Еліміздің болашағы үшін жанын беріп, осы күнді бізге табыстап кеткен азаттықты бағалау, қастерлей білу әрбір Қазақстандық азаматтың парызы. Сондықтан, тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болу үшін әрбір адам өз тарапынан елге деген, жерге деген сүйіспеншілігін сақтап, еліміздің ынтымақ, бірлігінің бұзылмауына атсалысуы тиіс. «Бірлік барда тірлік бар» дегендей, ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, сыйластықта өмір сүрсек еліміздің іргесі сөгілмесі анық.
      Жаңашылдық дәуренде тәуелсіздігінің 30 жылдығына қол жеткізіп отырған Қазақ елі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Ынтымағымыз бен бірлігіміз ажырамай, амандықта, саулықта өмір сүрейік! Еліміз бен жеріміздің айбыны асқақ, тәуелсіздігіміз тұғырлы, Қазақ елі, Қазақстан мәңгі, ғұмырлы болсын!

Жібек ЫСҚАҚОВА