«ТӘУЕЛСІЗДІК — БАБАЛАР АМАНАТЫ»: «КҮМІС ҚАЛАМ» ЖЫР САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкенттегі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде өткен республикалық «Күміс қалам» атты поэтикалық дуэльдің жеңімпаздары марапатталды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасында ақтөбелік ақын Ершат Қайболдин бас жүлдеге ие болды. Ол финалда Алматы облысынан келген Айдана Қайсарбекпен өнер көрсетті. Оңтүстік астанадан келген ақын Есенғали Раушанов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды.Марапаттау рәсімінде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева жас ақындарды жеңістерімен құттықтап, сәттілік тіледі.Жартылай финалға өткен ақындар да марапаттан шет қалмады. Жамбыл облысының намысын қорғап келген Нұрболат Жолдасбек Жәркен Бөдешұлы атындағы сыйлыққа ие болса, шымкенттік ақын Әлімжан Әлішер Әбілда Аймақ атындағы, Салтанат Мадиярқызы Әділ Ботпанов атындағы сыйлықпен марапатталды. Мұқағали Кенжетай (Түркістан облысы) Жеңіс Баһадүр атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты атанды. Ал қалған 14 ақынға қаламақы мен бағалы сыйлықтар берілді.Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктерді насихаттау, әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу. Жас таланттар мен оқырмандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның өзара ауыз біршілікте болуын, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру. Айта кетейік, мүшәйрада ақындарға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі Бекмұрат Анарбаев өз бағасын беріп, қазылық етті.

Азамат ЖАППАР