ТӘУЕЛСІЗДІК — БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ
Тәуелсіздік – халқымыз үшін баға жетпес байлық, ең қасиетті бойтұмар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт», деп атап көрсетті.
Сондықтан да ұлттық тәуелсіздігімізді барынша бағалап, барынша ардақ тұтуымыз қажет. Әлемнің түкпір-түкпірінен дүркін-дүркін бұрқ ете қалатын соғыс жанжалдары жағдайында біз бейбіт аспан астында ішкі ынтымағымыз жарасып, ауызбіршілікпен өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік айтқанымыз жөн.
Келешек білім экономикасының, білікті кадрлардың қолында екенін анық аңғарған Елбасымыз сонау 1993 жылдың өзінде халықаралық «Болашақ» стипендиясын бекітіп, жас түлектерімізді мемлекет есебінен шетелдік жетекші оқу орындарына білім алуға аттандырды. Осы жылдар ішінде отандық білім беру жүйесінің оңтайлы нұсқасын табу үшін халықаралық озық практика негізінде терең ізденістер жасалып, іргелі өзгерістер жүзеге асырылды. Еліміздегі жоғары, орта білімнің флагманы саналатын «Назарбаев Университет», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» өздерінің үздік тәжірибесін өзге оқу орындарына таратуда. Қазақстандық оқушылар халықаралық сайыстарда топ жарып жүр.
Сонымен қатар еліміздің әлемдегі алып құрлық – Еуразияның кіндігінде орналасқан географиялық жағдайы ұтымды пайдаланылып, транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында аса ірі инфрақұрылымдық, логистикалық жобалар қолға алынды. Қысқа уақыт ішінде іске қосылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі қазіргі таңда Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған әйгілі Ұлы Жібек жолының рөлін атқаруда. Бұған қоса, еліміздің төрт тарапын бір-бірімен байланыстырып, жолаушы, жүк тасымалының тиімділігін арттырып, шығынын азайтқан түрлі авто және темір жолдар салынды. Әуе, кеме қатынасының көкжиегі де кеңейтілді. Еліміздің стратегиялық даму жоспарларында транзиттік, логистикалық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер белгіленген.
Ендігі жерде осы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай тер төгу — біздің міндет.