ЕГЕМЕНДІК БАУЫРЛАС ЕЛДЕРДІ ЖАҚЫНДАТТЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Өзбекстан мен Қазақстаннан шыққан екі ел зиялы қауымдарының, Елшілік қызметкерлерінің, БАҚ және кітапханалар өкілдерінің қатысуымен онлайн конференция болып өтті. Аталған конференцияда тәуелсіздік жылдары екі елдің жеткен жетістіктері жайлы сөз болды. Сонымен қатар,. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы жан-жақты талқыланып, ел дамуындағы маңызды құжаттардың бірі болып табылатындығы айтылды. Тараптар егемендік алғалы екі ел достығының жыл санап нығайып келе жатқандығын тілге тиек етіп, жан-жақты достықтың одан әрі дамуына өз үлестерін қоса беретіндігін айтып тарқасты.

Тәуелсіздік алған тұстағы ауыр да қиын кезеңдерге қарамастан біздің мемлекетіміз өзге диаспора өкілдерін өз еліне қудаламады. Керісінше, біртұтас ұлт болуға шақырып, бір-бірінің құндылықтарына құрметпен қарау саясатын ұстанды. Жас мемлекеттің ең осал тұсы осы деп, сырттан пышақ сұққысы келіп, көз алартқан көршілер де аз болған жоқ. Алайда қашанда құшағы кең, татулық пен бірлікті бекем ұстанған дана халқымыз бұл сыннан да сүрінбей өтті. Бұл ең алдымен шыққан тегіне, нәсіліне қарамастан бүкіл ұлтты бір шаңырақ астына ұйыстыра алған Елбасы саясатының жемісі. Нәтижесінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылып, еліміздің болашақ жетістіктеріне жол ашты. Содан бері елімізде ешқашан да өзге тілдер мен ұлттарды шеттетуге жол берілген жоқ.

Қазақстан халықтарының форумында Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан былай дейді: «Мен біздің басты игілігіміз – халықтар достығын қазақстандықтардың бірнеше буыны қалыптастырғанын атап айтамын. Әрі біз сол құндылықты қастерлей білуге тиістіміз».