ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСІ: ЕЛГЕ «ҚАЗАҚСТАН» АТАУЫ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

1991 жылдың 10 желтоқсанында ҚКСР Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Жоғарғы Кеңес мемлекетіміздің атауын Қазақ КСР-інен Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Президенттің депутаттарға қарата жасаған бұл ұсынысын Жоғарғы Кеңес Төрағасы С.Ә. Әбділдин оқып берді. Ол «Қазақстан Республикасы» деп атайық деді. Сол жерде көп пікірталас болды. «Неге біз «Қазақстан Республикасы» деп атаймыз?! Неге «Қазақ Республикасы» деп атамаймыз?» деген ұсыныстар айтылды. «Одақтың қарамағында тұрғанда біз Қазақ Советтік Социалистік Республикасы едік, «Қазақ» деген сөзді қалдырайық» деп ұсыныс берді көптеген депутаттар, оның ішінде мен де бармын. Бірақ депутат Мұрат Әуезов «Қазақстан Республикасы» болсын деген ұсынысты дәлелдеп бақты, оны басқа ұлттан сайланған депутаттар қолдай жөнелді. Дауысқа салғанда осы «Қазақстан Республикасы» деген ұсыныс өтіп кетті. 1991 жылғы 1 желтоқсандағы Президент сайлауында Жоғарғы Кеңес Төрағасы Е.М. Асанбаев вице-президент болып
сайланғандықтан, депутаттар Жоғарғы Кеңес Төрағалығына бұған дейін Төрағаның орынбасары лауазымын атқарып келген С.Ә. Әбділдинді лайық деп тапты.
Төрағаны сайлауға үш кандидатура ұсынылды: Ә. Кекілбаев, С.Ә. Әбділдин, С. Тәкежанов. Үшеуі де өз бағдарламаларын баяндады. Жан-жақты талқылау болды. Ешқайсысы тиісті дауыс ала алмай, екінші турға С.Ә. Әбділдин мен С. Тәкежанов өтті. Екінші турда С.Ә. Әбділдин басым дауыспен жеңіп шығып, Жоғарғы Кеңес Төрағасы атанды.