ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСТЕРІ: Төртінші кезең

Төртінші кезең. Қалыптасқан мемлекет жаңа жаһандық ахуалда: Тәуелсіздіктің төртінші кезеңінің мәні – 2050 стратегиясынан айнымай, жүйелі алға басу. «Қазақстан-2050»-дің саяси бағдары – жаңа ғасырдағы біздің ұлттық идеямыз. Оның жас буын үшін ерекше тарихи міндеті – жоғары сапалы өмір мен адам капиталының үдемелі дамуын қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру.
2010-шы жылдардың бастапқы кезеңінде Бірінші (2010–2014 жылдар) және Екінші (2015–2019 жылдар) индустриалды-инновациялық бесжылдықтар бағдарламасы аясында негізгі экономикалық жаңғырулар жасалды.
2014–2015 жылдары бір-бірімен үстемелей түскен бірқатар сын-қатерлер әлемдегі саяси-экономикалық жағдайды күрделендіре түсті. Әлемнің жалпы ахуалына тегеуірінді ықпал еткен оқиғалардың тұтастай тізбегі жүріп өтті. Олардың қатарында әлемдік экономика дамуының едәуір баяулауын; геосаяси дағдарысты және Батыс пен Шығыс арасындағы қатынастардың шиеленісуін; санкциялық, ақпараттық, сауда, валюта жанжалдарының өршуін; жаһандық нарықтарда әлемдік бағалардың құлдырауын, валюта
дағдарысын; жаһандық басқару жүйесіндегі ақауларды айтуға болады.

ХХІ ғасырдың екінші он жылдығынан бастап тарихи уақыт жылдамдай түсті. Әлемде болып жатқан өзгерістердің түпкі мәні – «Жаһандық өтпелілік» ретінде сипатталған әлемдік даму парадигмаларының ауыса бастауында. Жаңа мегатрендтер мен озық экономикалардың жаңа технологиялық үрдіске көшуі еларалық бәсекені де шиеленістіре түсті.
Алғашқы тренд геоэкономикадан туындайды. Алдыңғы қатарлы елдердің жаңа технологиялық арнаға түсуі – дәстүрлі индустриалдық экономикасынан жоғары технологиялар экономикасына көшуін білдірді. Таптаурын технологиялық арнада қалып қойған елдер ұзақ мерзімге немесе мәңгілікке «кедейліктің технологиялық қақпанына» түсіп, әлемдік дамудың жұртында қалуы мүмкін. Мұндай жағдай бірінші индустриалдық революция дәуірінде де болған, яғни «бу машинасы» әкелген индустрияны игермеген елдер қыр астында қалып қойған. Біз, қазақстандықтар «технологиялық аламаннан» тыс қала алмаймыз, керісінше оның маңдай алдында
болуға тиістіміз.
Екінші тренд геосаясаттан туындайды. Қазір жаһандық әлемдік құрылым көпполярлыққа көшуде, соның әсерінен мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және технологиялық бәсеке үдей түсуде. Көпполярлық
жүйе ге көшу басқаруға ырық бермей, жаһандық институттарды дағдарысқа түсіруде. Жаһандық тәртіптің дүрбелеңінде ұлттық мемлекеттер мен экономиканың рөлі арта түсуде.
Үшінші тренд жаңа даму парадигмасынан туындайды. Ұлттық адам капиталының сапасы әлемдік экономика өсуінің басты факторына айналуда. Жаңа дүниедегі адамдардың дайындық деңгейі – ұлттық экономика мен
мемлекеттік дамудың шешуші ресурсы.
Жаһандық ауысулар мүлде жаңа «әлем картасын» қалыптастырады, жаңа көшбасшы елдерді анықтап, аутсайдер-мемлекеттер легін де жаңартады. Бұл құбылыс бізді сынға салумен бірге, алдымыздан ғаламат мүмкіндіктер ашып отыр. Әлемдік бәсекенің күрт күшеюі бізден үздік отыз елдің қатарына ену жолында ерекше қадамдар талап етеді. Мен осыны қаперге ала отырып «Қазақстан-2050» стратегиясы мен жаңа жағдайдағы Ұлт жоспарын іске асыруды қамтамасыз ететін Қазақстанның үшінші жаңғыруын жарияладым. Жаңа бағдардың мызғымас мақсаты – 2050 жылы әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу.

Үшінші жаңғыру бойынша батыл шаралар қолға алынды. Билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Конституциялық реформа жасалды, Қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты маңыз ды
жұмыстар қолға алынуда. Үшінші жаңғыруды таяудағы он жылдықта жүзеге асырудың нақтыланған құжаты – 2025 стратегиялық жоспары дайындалды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, жаңа инвестициялық
және экспорттық стратегия әзірленді, оларға тиісті заңнамалық база жасақталды. Олар 2018 жылдан бастап күшіне енеді. Үкімет пен әкімдерге нақты міндеттер жүктелген. Орындау мен тиімділікті бағалаудың айқын
критерийлері белгіленген.

Осылайша, 2018 жылға қарай Үшінші жаңғыру бағдары толық айқындалды. Еліміз нені, қалай жасау керектігін жете түсініп отыр. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
Алғашқы жемісті нәтижелеріміз де бар. Қазақстан 2016 жылы тиянақты макро экономикалық саясаттың арқасында, 2014-2016 жылдардағы сыртқы теріс ықпалдың тегеурініне төтеп бере отырып, экономиканың өсімін қалпына келтіре алды. 2017 жылы ІЖӨ 4 процентке өсті. Осылайша, Қазақстан объективті көрсеткіштер бойынша дамудың жаңа қарқынына дайын екендігін анық байқатты.
2017 жыл Қазақстан үшін мерейлі де, айтулы, күрделі оқиғаларға толы жыл болды. ЭКСПО-2017, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, Қазақстан халқы
Ассамблеясы, Халықаралық байытылмаған уран банкін ашу, Сирия жөніндегі Астана процесі, Универсиада сияқты айтулы оқиғалар Қазақстанға төрткүл дүниенің назарын аударып, еліміздің әлем қауымдастығы алдындағы абыройын асқақтатты.

Қазақстанның даму қарқыны өз екпінін төмендетпей үнемі алға тартып келеді, ел дамуындағы парадигмалардың ауысу процесі біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы аймақтық державаға айналды, оның халықаралық абырой-беделі осыны айқын дәлелдеп отыр. Одан өзге, біздің әлемнің дамыған отыз елінің тобына енуімізді қамтамасыз ететін Үшінші жаңғырудың аса күрделі міндеттері өзінің оңтайлы шешімін табу үстінде.