ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСТЕРІ: Үшінші кезең

Үшінші кезең. Өрлеу және әлемдік дағдарыс арқылы әрі қарай даму: 2000-шы жылдардағы Жолдаулардың бас тақырыбы – әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу бағдарламасы.
Жас ұлттың асыл арманын іске асыруы, мемлекеттік ерік-жігердің тамаша орындалуы іспетті Астана 2000-шы жылдардағы өрлеудің ең айшықты көрінісі болды. Жас елордамыз – бойына ұлттық, еуропалық және шығыс символдарын біріктірген, сәулет өнерінің нағыз інжу-маржандарының шоғыры.
Осылайша Астананы ХХІ ғасыр мегаполисіне айналдырудың негізі қаланды. Астана мемлекеттік егемендік пен Қазақстанның болашаққа деген қарқынды ұмтылысының символына айналды. Еуразияның маңызды орталығы ретінде ХХІ ғасырда ірі халықаралық форумдар өткізу – Астананың жаһандық миссиясындай болды.
2005 және 2011 жылдардағы президент сайлаулары, 2004, 2007 және 2012 жылдардағы парламент сайлаулары мемлекеттік институттар мен саяси тұрақтылықты жетілдіру мен нығайтудағы маңызды кезеңдер болды.

Диалог пен либералдандыру – 2000-шы жылдардың саяси тренді. Оның нәтижесі Парламенттің өкілеттігі мен азаматтық қоғамның мүмкіндігін күшейткен 2007 жылғы Конституциялық реформа еді. 2012 жылғы сайлаулар
нәтижесінде Мәжіліс көппартиялылық сипатқа ие болды.
Экономика 2000-шы жылдары өрлеуге бет алды. Оған жаһандық нарықтарға шығу, энергия көздері, астық, металл сияқты негізгі отандық экспорт өнімдеріне әлемдік бағаның өсуі ықпал етті. Ұлттық қор құрылып,
ұдайы толықтырылып отырды. Шетелдік инвестициялардың көлемі өсті. Банк секторы қарқынды дамыды.
Экономиканы тұрақты дамытып, әртараптандыру үшін 2003 жылы Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Көлік инфрақұрылымы белсенді дамыды. Аса маңызды бағыттарда темір
жол салынды. Жаңа ғасырдың бірінші онжылдығының ортасында Қазақстан әлемдегі ең қарқынды дамушы мемлекеттердің біріне айналды. Даму үдерісінде стратегиялық жоспарлар, тіпті мерзімінен бұрын орындалып жатты. Сөйтіп, ІЖӨ (2000 жылмен салыстырғанда) мерзімінен екі жыл бұрын, 2008 жылы, екі есеге артты. Қазақстанның жетістіктері әлемдік рейтингтердегі еліміздің жоғары көрсеткіштері арқылы өрнектеліп жатты.

2000-шы жылдарда халықтың әл-ауқаты айтарлықтай артты. Қазақстандықтардың әлеуметтік-психологиялық көңіл-күйі бұрынғыдан әлдеқайда айрықша жақсарды. Бала туу көбейді, халықтың жалпы саны артты. Көші-қон бойынша оң нәтиже байқалды. Мемлекет шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекенге оралуына айрықша назар аудара бастады.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді. Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісіне айналды. Біз дінаралық,
соның ішінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі аясында өткен диалогқа бастамашы болдық.
2000-шы жылдары білім беру, ғылым, мәдениет, спортта өрлеу басталды. 2010 жылы білім беру жүйесінің жаңаруына негіз болған Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептері ашылды. Мемлекеттік тіл мен қазақ
мәдениеті тың қарқынмен алға басты. Үш тілдің үйлесімді дамуы туралы бастама көтерілді. Қазақ спортының жеңістеріне бүкіл әлем куә болды.
2000-шы жылдар сыртқы саясат үшін де жылдам өрлеу дәуірі болды.
Қазақстан жаһандық қоғамдастықта лайықты орнын иемденді, беделді, табысты және бүкіл әлем сыйлайтын мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. 2005 жылы еліміз барлық көршілермен құрлықтағы шекарасын шегендеп бітті. Мемлекеттік шекарамыз Қазақстанның егемендігін біржола бекітті, ұзақ мерзімді келешекке бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етті. Айқын, заңды ресімделген және бүкіл шекаралас мемлекеттер мен БҰҰ мойындаған мемлекеттік шекара – Тәуелсіздік дәуіріндегі ең маңызды саяси жетістік.

Бауырлас елдермен қарым-қатынас нығайып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды.
Қазақстан Еуразиядағы ірі мемлекет ретінде өзінің дербес көпқырлы саясатын жүйелі жүргізіп отырды. Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестік белсенді түрде дамыды. Еуропа одағы елдерімен ынтымақтастық аясы кеңейе түсті.

Қорыта айтқанда, бұл кезеңнің айқын жетістігі – тұрақты экономикалық өсім. Қазақстан әлемдік дағдарысты нәтижелі еңсеріп шықты. 2030 стратегиясы мерзімінен бұрын орындалды. Еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің
қатарына кірді, сөйтіп төрткүл дүние бізді әлемдік үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде мойындады. Осының бәрі – мемлекетіміздің абыройын асқақтататын айшықты жетістіктер.