ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ЕЛДІ МЕКЕНДЕР САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов қала әкімдігінің @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, эфир барысында аудан аумағында инфрақұрылыммен қамту жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ауданға 2014 жылы 10 елді мекен қосылған. Алайда шалғай аудандарды инфрақұрылыммен қамту мәселесі қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасы негізінде 2020 жылдан бастап қолға алынған. Қысқа мерзімде 461 млн. теңгеге ЖСҚ-лар әзірленіп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 34 елді мекеннің 24-і сапалы сумен қамтылған, 10 елді мекен ұңғыма суын пайдаланып келген. 2020 жылы Жаңаталап, Игілік, Тәуелсіздікке-20 жыл, Көкбұлақ, Қызылжар тұрғын алабында құрылыс жұмыстары басталып, биыл пайдалануға берілді. Ынтымақ-2, Батыс, Нұршуақ шағынауданына жыл соңына дейін сапалы су берілсе, Құрсай мен Арғымақ келесі жылға өтпелі.
Электр жүйесімен қамту жұмыстарына тоқталып өткен аудан әкімі бүгінде 8 елді мекен жекеменшік жүйеден жарық алатынын, оны мемлекеттік жүйеге өткізу үшін биыл 3,4 млрд теңгенің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар аудандағы 11 елді мекен қатты отынды пайдаланады. Биыл Алтынтөбе, Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ тұрғын алабтарын табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ал Ынтымақ-2, Нұршуақ ш/а-да ЖСҚ әзірленуде, Құрсай мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына жобалық сметалық құжат әзірлеу 2022 жылға жоспарлануда.
Аудан әкімі тікелей эфирде тұрғындар тарапынан келген 40-қа жуық сұраққа жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі табиғи газ, су, жарық және қоғамдық көлік төңірегінде болды.