ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ПАРАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша түрлі этностар өкілдерімен бірлескен кездесу өтті.

Кездесу Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан жыл соңына дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша діни бірлестіктермен және түрлі этностар өкілдерімен бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі кестеге сәйкес ұйымдастырылды.

Шымкент қалалық корей, грек, өзбек этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан кездесуді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанова жүргізді.

Спикер мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне зиян тигізетін ең қауіпті факторлардың бірі сыбайлас жемқорлық екенін сөз етті. -Жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Алдымен пара берудің себептерін, параға деген ықыластың түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Пара алу мен пара берудің де пайдасыз, ел ертеңі үшін орасан зияндылығын ел тұрғындарына жан-жақты ұғындырып, сыбайластықтың кез келген көріністеріне қарсы тұратын қоғамдық сана қалыптастыруымыз қажет –деді.

Кездесу барысында этнос өкілдері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, осы бағыттағы жұмыстардың әрі қарай жалғасатындығына сенім білдірді.