ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ШЫМКЕНТТІК ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР БЕЛСЕНДІ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАУДА

Шымкентте «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» зейнеткерлері салауатты өмір салтын насихаттауға жаңа серпін беруде. Апта сайын қариялар Дендросаябақта спортпен шұғылданып уақыттарын пайдалы әрі көңілді өткізеді. Бүгінде орталықта 445 зейнеткеріміз түрлі қызмет түрлерін алуда.

Шымкентте қарқынды жүзеге асып жатқан «белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы зейнеткерлеріміздің бос уақытын тиімді өткізу үшін және салауатты өмір сүруге шақырып, өмірге деген құштарлықтарын арттыру мақсатында қызмет атқарады. Егде жастағы қарияларымыз шет тілін де меңгеріп жүр. Одан бөлек, қолөнермен айналысып, орталықтың кітапханасында сүйікті кітаптарын оқумен өткізеді.

— Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «белсенді ұзақ өмір орталығында» Шымкент қаласындағы зейнет жасына жеткен тұрғындарды қабылдайды. Ешқандай шектеу жоқ. Қызмет алушылар алғашқы орталыққа келгенде міндетті түрде дәрігерлік тексеруден (терапевт, кардиолог, невропатолог, физиотерапевт) өтеді. Апта сайын дендросаябаққа барып дене шынықтырумен және йогамен айналысады. Сонымен қатар массаж, физиотерапия, фитобар, тұзды кеніші және т.б. қызмет түрлерін көрсетеді,-дейді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны 82 603. «Асыл жүрек» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жайында толық ақпарат алу үшін 8 (7252) 53-02-08 телефонына хабарласуға болады.