ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: «ТУҒАН ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Жыл сайын еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары арасында “Туған елге тағзым” өлкетану тарихи экспедициясы аясында зерттеу жобаларының желілік сайысы өткізіледі. Әр баланың туған жерін тануға, оны зерттеуге қызығушылығын арттыру – дәстүрлі шараның басты мақсаты.
Мамыр айында басталған экспедиция жұмыстары қазанда қорытындыланды. Биыл жобаға қатысқан 492 оқушының ішінен 38 жоба кіл үздіктер деп танылды. Қазылардың арнайы номинациясымен 22 жұмыс марапатталды. Солардың бірі Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 “Е” сынып оқушысы Алиев Билалдың өңірдің тарихи мұрасы жайындағы “Оңтүстік өңірдегі дермене: тарихи деректері мен интерпретациясы” атты зерттеу материалы. Билалға “Таңба танушы” номинациясы берілді. Жалпы мектеп атынан 17 оқушы 15 зерттеу жұмысын ұсынған. Олар туған өлкеміздің түрл қырлары танытқан тақырыптар болды.
Ал Билалдың жетекшілері, дүниежүзі тарихының мұғалімдері, Бақыт Амалбекова және Сергей Ивашев оның 7 сыныптан бастап геральдикаға қызығушылығын байқағандарын айтты. Әр ұстаздың басты мақсаты баланың қызығушылығын дамытуға күш салу болса, бұл Билалдың жетекшілерінің қолынан келді. Себебі, Шымкент қаласының гербтарын зерттеуден басталған жұмыс тек Оңтүстік өңірде өсетін дермене өсімдігінің әлеуметтік, тарихи және медицинадағы маңызын қайта танытуға септігін тигізетін үлкен жоба болды.
“Менің зерттеу жұмысымның мақсаты тек Оңтүстікте өсетін дермене өсімдігінің Шымкент қаласы тарихындағы ролі мен гербіміздегі бейнесі айқындау. Қаламыздың тарихында 4 герб болса соның соңғы үшеуінде дермене бейнеленген. Сонымен қатар 1885 жылы салынған бүгінгі атауы “ХимФарм” фармацевтикалық зауытының дермене өсімдігімен байланысын түсіндірдім. Зерттеу барысында мектепішілік сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде дермене туралы білетіндер саны 15 пайызды ғана құрады. Менің ендігі мақсатым да осы, дермене туралы қазақ тілінде интернет порталдарға ақпарат тарату, маңызын жеткізу.” – деді, жоба қорғаушы Билал Алиев.
“Сонымен қатар дермененің емдік қасиеттерін зерттеу тағы бір жобаны қажет етеді” — дейді Бақыт Амалбекова. – Алматының апорты секілді дерменені де Шымкенттің брендіне айналдыруға болады. Ал, Ежелгі гректер мен Шығыс Азия елдерінде 21 ғасырға дейін осы өсімдікті пайдаланып көптеген ауруларды емдеген екен. Мәселен асқазан-ішек жолдары мазалайтын науқастарға емдік үшін таптырмас қасиеті бар. Бір кездері жөтелге қарсы “мукалтин” дәрісін осы дерменеден жасаған.
Сергей Ивашев жетекші ретінде зерттеудің әлі жеткіліксіз екенін алға тартты. Болашақта қаламыздың медициналық туризм саласына оң әсерін тигізетін жоба жасайтындарын айтты. Билалдың да бұл тақырыпта алға қойған мақсаттары айқын.
Еліміздің болашағы бүгінгі өскелең ұрпақтың өлкетануға назар аударуы қаламыздың мәдени дамуына оң өзгерістер әкелетіні сөзсіз. “Туған елге тағзым” әлеуметтік жобасының бұл тұрғыда қосар үлесі зор.