ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ЖЕЛТОҚСАН БАТЫРЛАРЫ ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Шымкентте қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған республикалық турнир басталды. Бұл бокс жарысының өзгешілігі сол – Желтоқсан оқиғасына қатысқан аға буын өкілдері толығымен өздері ұйымдастырып отыр.
Шымкент қалалық бокстан №5 балалар мен жастардың мамандандырылған олимпиадалық резерві спорт мектебінің ғимаратында өтіп жатқан байрақты бәсекеге Шымкентпен қоса Алматы, Тараз қалалары мен Түркістан облысынан 100-ге жуық жеткіншек қатысуда. 2004-2005 жылы туған жас былғары қолғап шеберлерінің І республикалық бәсекесіне «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Карл Исаев демеушілік жасады.
Турнирдің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктің мүшелері, ардагерлер, бокстан Шымкенттен шыққан тұңғыш әлем чемпионы Біржан Жақыпов қатысты. Ал спорт мектебінің басшылығы жарыстың кәсіби түрде өтуіне қолдау көрсетіп, төрешілермен қамтамасыз еткен.
– Мұндағы мақсатымыз – жастарды патриоттық рухқа, отансүйгіштікке баулу. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрген жеткіншектердің жігерін жанығымыз келеді. «Тәні саудың – жаны сау» дейді атам қазақ. Осындай батыл да берік ұрпақтан ел қорғайтын азаматтар шығатынына сенімдіміз. Ал өзімізге келер болсақ, сонау 1986 жылы алаңда бас көтеріп, тізе қосып шыққан жас қыз-жігіттер өмірден қанша қиындық көрдік. Мысалы, мен сол кезде Алматыда зооветеринариялық институтта оқып жүр едім. Ереуілге қатысқаным үшін оқудан шығарып жіберді. Бүгінде сол замандастар қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалында бірге жұмыс істеудеміз, – дейді «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлембаев.
Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалына 30 адам мүше. Олар жиі-жиі бас қосып, өмірден өткен замандастарын еске алып отырады.Ал республикалық турнир үш күнге жалғасып, сенбі күні ақтық бәселелер өтеді. Жеңімпаздарды марапаттау мен өмірден өткен желтоқсаншыларды еске алу да сол күнге жоспарланып отыр.
Нұрлан БЕКТАЕВ