ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ 1200 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Тәуелсіздік мерекесіне орай Шымкент қаласында тағы бір білім ордасы пайдалануға берілді. Асар-2 шағынауданында 1200 орынға арналған жаңа мектеп онлайн форматта ашылды.
Жер телімінің жалпы ауданы – 2,88 га. Жобаның сметалық құны – 2 008 314,0 мың теңге.

Бас мердігер «МК технострой сервис» ЖШС құрылысты өткен жылы шілде айында бастаған еді. Құрылыс компаниясы нысанды жоспарға сай аяқтады.

Жалпы Шымкент қаласының білім саласы Тәуелсіздік жылдары көптеген жетістіктерге жетті. Әлеуметтік салада айтарлықтай ілгерілеу бар.

Қалада 752 білім беру мекемелерінде 338 мыңнан астам балалар тәрбиеленіп, білім алуда. Салаға бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы 41 млрдтан 2,8 есеге артып, бүгінде 114 млрд.-қа жетті. Педагогтардың орташа айлық жалақысы соңғы 5 жылда 3 есе өсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаладағы балабақшалар саны небәрі 56-ны құраса, қазіргі таңда демографиялық және миграциялық өсімге сәйкес бұл көрсеткіш 470-ке артқан.
Сонымен қатар, 29 жылда 98 мектеп салынды. Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы және арнайы түзілген «Жол картасы» аясында заманауи үлгідегі білім ошақтары бой көтеріп, үш ауысымда, апатты жағдайда және ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан 58 мектеп типтік үлгідегі ғимараттарға көшірілді.

Осы уақытқа дейін өзекті мәселе болып келген 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату, білім ұйымдарының ауласын жарықтандыру жұмыстары толығымен шешімін тапты.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім саласында көрсетілетін 32 мемлекеттік қызмет 100% цифрландыру жүйесіне өтті.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі