«ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ЕЛ ТҰҒЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде елімізге белгілі тарихшылар бас қосты. Жоғары оқу орнының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысы басталды.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысушы қонақтарға жолдаған құттықтауын университет ректоры әрі жиынның модераторы Гүлжан Сүгірбаева оқыса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылы лебізі мен құттықтау сөзін ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жеткізді.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Білім және ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова конференцияға онлайн қосылып, көпшілікті құттықтады. Аталған басқосу Өзбекәлі Жәнібековтің мемлекет пен қоғам алдында қолға алып, жүзеге асырған қыруар жұмыстарын жан-жақты талқылап, жұртшылыққа белгісіз кейбір тарихи оқиғалар мен жағдайларды зерделеуде маңызды екенін атап өтті.

Ғылыми басқосуда еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі жеткен жетістіктері мен даму жолдары айшықталып, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік болмысы, ұлттық құндылықтар мен мәдениет, өнер саласының жаңғыруына қосқан сүбелі істері сараланды.

Конференцияға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, тарихшылар мен ғалымдар қатысып отыр. Атап айтсақ, олардың қатарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М.Әбжанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б.Кәрібаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Қ.С.Ергөбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.С.Самашев, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» Басқарма төрағасы-Ректор кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ғ.Ыбраева, ОҚМПУ «Әлем тарихы және дінтану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Н.Подушкин, шетелдік ғалымдардан Түркия Республикасынан, Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Осман Йорулмаз, Польша Республикасынан, Пилецкий институты, Тоталитаризмді зерттеу орталығы, Кеңестік тоталитаризмге қатысты жобалардың үйлестірушісі, гуманитарлық ғылымдар докторы Е.Р.Рогозинский, Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.А.Аманжоловалар бар.

Азамат ЖАППАР,

Фото Серік ҚОСАЕВ