ТӘУЕЛСІЗДІК — МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ
Тамырын тереңге жайған тарихыма көз жіберер болсам, сананы талай ой тұңғиығына батырып, көкейге талай сұрақтың келетіні рас. Мен тәуелсіз елдің ұрпағымын. Бейбіт елде өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды.
Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Қазақстанның биік табысына қол жеткізген президенттік билік және осы жылдары оның басында үздіксіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке факторы екеніне де ешкім күмәндана алмайды. Өз басым, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді.Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жеткен болатын.Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы.
Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев «Әрбір елдің жадынамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» — атты жаңа жұлдыз жарқырай туды», — дей келіп, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, МӘҢГІЛІК ЕЛ болуға бет бұрғанын атап өтті. Сол себепті қазақ елі мәңгі жасауы тиіс.
Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлкетке айналдық.
Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата – бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді.
Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отыра қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтарын қорғайтын заң жобалары қабылдана бастады. Қабылданған заңдарды жүзеге асырушы сот билігі өз біліктіліктерін көрсете білді. Сонау тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі сот саласының айырмашылығы жермен көктей. Техника мен өркениеттің дамыған заманына тұспа-тұс келген біздің егемендігіміз қарыштап дамуда.
Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған жылдар ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.
Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
Роза ЕРМАХАНОВА