ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМ

30 жыл! Ғасырдың төрттен бір бөлігі.

Тарихи өлшеммен алғанда бұл қас-қағым сәт. Адамның ғұмыры үшін ұзақ мерзім. Ал, бәрін бастаған мемлекет үшін ше?.. Көп пе? Аз ба? Жеткілікті деушілер де шығады, аз деп айтушылар да табылар.

Жалғыз адамға тақыр жерден үй тұрғызу қаншалықты ауыр екенін көз алдыңызға елестетіңізші. Енді осы ауыртпалықты мың есеге, тіпті миллион есеге көбейтіңіз. Міне, басынан жаңа мемлекет құру да дәл осылай. Бірақ осындай ауыртпалықтарды жеңген елдер бар. Олар тек жеңіп қана қойған жоқ, озып алға шықты. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанды осындай мемлекеттердің қатарына толық жатқызуға болады.

Рас, бүгінде өзінен-өзі бола қалғандай көрінеді. Бұл айтуға ғана оңай. Азаттығымыздың алғашқы жылдары нендей қиындықтарға тап болып, қандай тығырықтарға тірелгенімізді аға буын жақсы біледі. Бір сөзбен айтқанда, бәрін, бәрін басынан бастауға тура келді.

«Тарихты тұлғалар жасайды». Егемен еліміздің жаңа тарихына қарап, бұл сөздің шындық екеніне көзіңіз жетеді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биік пайым-парасаты, білімі, өмірлік тәжірибесі һәм сұңғыла саясаткерлігінің арқасында жас мемлекетіміз уақыттың қатал сындарынан сүрінбей өтті. Іргесін бекітіп, еңсе тіктеді. Төрткүл дүниеге танылды.

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевты әлем жаңа мемлекеттің негізін қалаушы реформатор қайраткер ретінде біледі.

Кең байтақ Қазақстан үшін осы ширек ғасырлық уақыт өсу, өркендеу, өрлеу жылдары болды. Бұған еліміздегі әрбір өңірдің қосқан үлесі қомақты.