ТӘУЕЛСІЗДІК — ШАЛҚЫҒАН ДӘУЛЕТ, КӨРКЕЙГЕН СӘУЛЕТ

«Тәуелсіздік» деген сөздің мағынасы қандай терең, астары қандай кең десеңізші!Ол  өлең, ол  ән, ол  сұлулық, ол  асқақ арман, ол шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады.Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары,қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік. Солай дей отырсақ та бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстанмен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстыру қиын.

«Өз-өзін тапқан адам өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады»,- деп Георгий Александров айтқандай, еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық. Дегенмен бізге бұл оңай жолмен келе қойған жоқ. Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен жауыз жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян.

Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді. Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,-деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестей сақтап жазды.

Мен көгінде байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның азаматымын. Азияның кіндігінде орын тепкен, картадан ойып орын алған , ұлан-байтақ жердің иесі, «қазақ» деген ұлы халық перзентімін. Осындай ұлы халықтың ұланы болу қандай бақыт!