ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ: 2012 ЖЫЛ
Ал, 2012 жылдың шежіресін шертетін қалың тігінді бізге осы игіліктердің жалғасын паш етті.
Осы жылы қаңтар айында Президент Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауы жария болды. Бұл Мемлекет басшысының он жетінші Жолдауы екен. Мұнда халықты жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу, аймақтарды дамыту, келешегі жоқ деп саналатын жерлердің тұрғындарын даму бағытындағы қалаларға көшіру, әкімшілік кедергілерді қысқарту, халықтың компьютерлік сауатын арттыру, т.б. мәселелер сөз болып, олардың шешу жолдары нақтыланған. Біз Президент Жолдауының санын неге айттық, себебі, Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін осындай міндеттерді он жетінші рет айтып отыр дегенді білдіргіміз келді. Әуел баста «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын алға шығарған Елбасы өзінің көрегендік, көшбасшылық қасиеттерімен Қазақстанды дәл осындай міндеттерді шешу арқылы алға оздырды, әлемге мойындатты.
Осы тұрғыда мына оқиға елең еткізеді. Бұл Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі 2-жаһандық саммиттің жұмысы жөніндегі бас мақаладағы бір көрініс. Саммитте Н.Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамаға қазақтың тұмарын тағады. Бұл Елбасының миллиондар тағдырын бір саусақ астындағы түймеге сыйғызып отырған озбырларды жерге қаратып, ядросыз әлемді жақтаған адамға қазақ халқының ықыласын жеткізгені еді.
Ал, тәуелсіздік шапағатын газет бетіндегі «Тәуелсіздік тартуы» деп аталатын айдардың жиі кездесетіндігімен де түсіндіруге болады. Бұл айдар аясында қолданысқа берілген әлеуметтік нысандар жарқырата көрсетілген, қолына жаңа қоныстың кілтін ұстаған тұрғынның шат күлкісі де көңілді көтереді.
Бұл жылдың еліміз үшін аса қуанышты оқиғасы – жерлесіміз, ауыр атлет Илья Ильиннің Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чемпионы атануы.
Осыдан он жыл бұрынғы газет беттері ауру-сырқау мәселесінен ада. Қазіргі кездегі екпе алу, сақтықта болу деген сияқты әсердің салқыны мүлде кезікпейді. Екі жылдың көлеміндегі газет тігіндісін түгел сүзіп шыққанда Конго-Қырым безгегінің алдын алу жөніндегі бір ғана жиын өткенін жазыппыз.
Әр жылдың өз несібесі, өз жаңалығы, өз жақсылығы бар. Бүгінгі күндердің бейнесі де сарғайған парақтарға қатталып, тарихқа айналады-ау…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ