ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ: ЕЛ АЙБЫНЫН АСЫРҒАН 2011 ЖЫЛ

Осыдан он жыл бұрын, яғни, 2011 жылғы тарихты парақтап отырмыз. Бұл жылдардың Қазақстан экономикасының тұрақталып, өрлеу жолына түскен кезеңі екені бірден-ақ көзге ұрады.

Жаңа жылдың басты жаңалықтарының бірі VІІ қысқы Азиада ойындарының басталуы да еліміздің өзге мемлекеттер алдындағы абырой айбарын танытқандай.

Осы жылдың қаңтарындағы басты оқиға – Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауы. Жолдауда еліміздің даму тұрғысында атқарылатын алдағы кезеңнің айқын міндеттері көрсетілген. Бұл жылы еліміздегі құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 трлн теңгені құрапты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 6,1 млн шаршы метрге жеткен. Дәл осындай табыстардың тәуелсіздік жылдары тек 2011 жылдың үлесіне тиесілі екенін айтуымыз керек.

Біз әңгімелеп отырған жылы Қазақстан экономикасының биік белестерге көтерілгенін айтқан едік. Бұл ақиқат Президент Н.Назарбаевтың сөзінен де нақты көрініс табады.

Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының  ІV құрылтайында былай дейді: «1992 жылы тұңғыш құрылтайда «Құрылтайға қатысқан қонақтар Қазақстанның көркейіп-гүлденуіне таяу жылдарда куә болар» деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге танылған айдынды ел болды…». Сондай-ақ, Президент экономикасы қуатты, саясаты тұрақты еліміздің ядросыз әлем құру бастамасы жер жүзіне ізгілік өнегесін көрсеткенін айтады.

Бұл жылы «KazSat-2» көкке көтерілді. Мұнан бұрынғы қазақстандық жер серігі техникалық ақаулар кесірінен сәтсіздікке ұшыраған еді. 2011 жыл мәдени, рухани дем берер оқиғаларға да толы.

Қысқасы, біз 2011 жылдың оқиғаларына орала отырып, еліміздің даму мен өркендеуі жолындағы тарихқа айналған тамаша кезеңдермен қайта қауыштық.