ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ
Тәуелсіздікке жету жолындағы үш тарихи маңызды оқиға деп Егемендік туралы Декларация, Тәуелсіздік туралы Заң, Қазақстанның тұңғыш Ата Заңының қабылданғанын атап өтуге болады. 1990 жылы 25-қазанда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияны қабылдады. 1991 жылы 16-желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз республика ретінде жариялады. 1991 жылы 21-желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданған болатын. Қазақ елі мемлекеттік рәміздерін, яғни Әнұранын, Елтаңбасын, Туын қабылдады. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Конституциямыз қабылданды. Осы жылы тұңғыш ұлттық валютамыз – теңге дүниеге келді. 1995 жылы 30-тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. 1997 жылғы 10-желтоқсанда Елордамызды Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілуі болды. Президенттің 1998 жылғы 6-мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10-маусымда өтті.