ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: АЛҒАШҚЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Қазақ КСР президенті қызметіне кіріскеннен кейін бір жарым жылдан соң 1991 жылдың күзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңеске республиканың сайлау жүйесін реформалауды ұсынды. 1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСР президентін сайлау туралы» заң қабылданып, соған сәйкес ұлт көшбасшысы болуға кім лайықты екенін депутаттар емес, елдің барша азаматтары шешетін, яғни мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс беру негізінде сайланатын болды.

Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Бұл – Кеңес Одағының ақтық демі таусылар кездің қарсаңы болатын, оның экономикасы да біржола күйреп жатты. Қараша айында сайлаушылармен кездескенде Елбасы проблемалардан қашқақтауға тырысқан жоқ, популистік уәделер де бермеді, керісінше, адамдармен ашық әңгімелесті. Сайлаушыларына елді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, одан қалайда өту керектігін, себебі тәуелсіздік пен игілікке жетудің ептеп айналып өтетін басқа жолы жоқтығын түсіндірді.

Сайлау учаскелеріне 8 681 276 адам келді. 98,8 процент дауыс алған сәтте Нұрсұлтан Назарбаев елдің президентін ғана емес, болашаққа баратын жолын таңдағанын сезінді. 10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті. «Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз» – Тұңғыш Президентіміздің ұлықтау салтанатындағы негізгі сөзі осы болды. Арада жиырма жыл өткен соң бүкілхалықтық сайлау өткізілген мерейлі күн мемлекеттік мерекеге – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне айналды. Саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады. Тарихи 1991 жылғы президент сайлауы Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болды.

(Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан мәліметтер алынды)