ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: МҰНАЙ ІСІНЕ ҚАРҚЫН БЕРГЕН «МҰНАЙ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
1994 жылдың ортасына қарай Елбасының тапсыруы бойынша Үкімет «Мұнай туралы» заң жобасын жасау жөнінде жұмыс бастады. Отын және энергетика ресурстары министрлігінің басшылық етуімен жұмыс тобы құрылып, оған түрлі мемлекеттік органдар, ғылым, заң және қаржы институттары, өндіріс өкілдері және басқалар кірді. Жұмыс тобы өз қызметінің бастапқы кезеңінде үлкен қиындықтарға тап болды; өйткені олар мемлекет мүддесін тиімді қорғайтын және шетел инвесторлары қабылдайтын осы заманғы заң жобаларын жасауға тиісті болды. Бәрінен қиыны қалыптасып қалған менталитетті жеңіп шығу болды.
Сондай заң жобасының түпкілікті нұсқасы дайын болған кезде Жоғарғы Кеңес таратылып жіберілген болатын. Сондықтан экономикалық реформаларға негіз қалаған 140 маңызды заңдардың бірі –«Мұнай туралы» Заңды Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 28 маусымдағы №2350 заңдық күші бар Жарлығымен Елбасы Н.Ә.Назарбаев қабылдады. Сонымен, осы Жарлықтың арқасында Қазақстан қазақстандық мұнайды игеру тарихының жаңа тарауын бастады. Жер қойнауындағы мұнай мемлекеттік меншік болып табылатыны заңмен бекітілді, ал жер бетіне шығарғаннан кейін оның кімге тиесілі екені Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында жасалған құқықтық актілермен айқындалатын болды. Заң біздің елімізде мұнай-газ операцияларын жүзеге асыру жөніндегі шарттардың бірнеше түрін қарастырды.
«Мұнай туралы» Заң еліміздің экономикалық игілігін нығайту ісінде өзінің тарихи рөлін атқарды. Осы заңның арқасында жер қойнауын пайдалану саласындағы біздің елдің саясаты анағұрлым айқын әрі алдын-ала ойластырылған іс болды. Біздің беделіміз бен атақ-абыройымыз жылдан-жылға өсіп нығая түсті. Елімізге шетелдің мұнай алыптары бірінен соң бірі келе бастады.