ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
2015 жылдың саяси оқиғалары туралы сөз еткенде бірден 26 сәуірде өткен Президент сайлауы еске түседі. Аталған сайлау кезектен тыс өткізілді. Президент сайлауының кезектен тыс өткізілуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы себепші болды. 2014 жылдың шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 2015 жылдың 14 ақпанында осы ұйым кеңесінің отырысы өтіп, оған қатысушылар кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайлы бастама көтерді. Бұл бастаманы қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, саяси партиялар, жекелеген азаматтар қолдады да, ақыры сайлау өткізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Әрине, сарапшылар мұндай бастаманың көтерілуіне жаһандағы экономикалық дағдарыс, күрделі халықаралық жағдай әсер еткенін алға тартты. Біздің пайымдауымызша, саяси технологтар Президент сайлауын мерізімінен бұрын өткізу арқылы аймақтағы геосаяси күштердің процеске араласу мүмкіндігін шектеуге тырысқан тәрізді. Ал жаһандық экономикалық дағдарыс жай ғана сылтау тәрізді көрінетіні бар. Қысқасы, сол кезде Мемлекет басшысын сайлауды ертерек ұйымдастыруға геосаяи жағдайларды сараптау, барлау және қарсы барлау деректерін талдау әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да 2015 жылы өткізілген Президент сайлауының сырын алдағы 50 жылда толық біле қоймаспыз. Алайда маңыздысы ол емес, сол жылы ұйымдастырылған сайлау науқанының өзі.
Сонымен, 2015 жылдың басында ҚХА бастамасын ақыры Парламент те қолдады. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Елімізді жаһандық сын-қатерлер кезеңінен алып шығу үшін еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа жалпыхалықтық сенім мандаты берілуі қажет. Әлемде тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Назарбаевқа сенім білдіру қажет», – дейтін Үндеуіне Парламенттің қос палатасы да қосылды. Сөйтіп, Елбасына үндеу жолдады. Сол кезде Сенат Төрағасы қызметін атқарып тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізудің жай-жапсарын пысықтап, Конституцияға сәйкес немесе қайшы түсетін тұстарын анықтату үшін Конституциялық кеңеске жүгінген еді. Ал Конституциялық кеңес сайлау өткізуге қандай да бір құқықтық кедергі жоқ екенін мәлімдеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері өзіне көптеген хат келгенін, өкілеттілік мерзіміне қатысты ұсыныстар бар екенін айтып, халыққа Үндеу жолдады.
«Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы аяқталады. Халық екі ұсыныс айтуда. Біріншісі – ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу. Екіншісі – Президент өкілеттігі мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Дегенмен Конституция талаптарына сай келетін ең дұрысы сайлау өткізу болып саналады», – деді Елбасы сол Үндеуде. Сөйтіп, сол жылдың 26 сәуірінде Президент сайлауы өтті.
ОСК мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы тізімделген 9 547 864 сайлаушының 9 090 920-сы дауыс беруге қатысыпты. Бұл дегеніңіз – 95,21 пайыз көрсеткіш. Ал үміткерлерге келсек, фаворит саналған Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 97,75 пайызы немесе 8 833 250 адам, Тұрғын Сыздықовқа сайлаушылардың 1,61 пайызы немесе 145 756 адам, Әбілғазы Құсайыновқа 0,64 пайыз немесе 57 718 адам дауыс берген. Осылайша, Н.Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетіп, ел басқару қызметін одан ары қарай жалғастырды.
Дереккөзі: https://aikyn.kz/162355/2015-zhyl-memlekettilik-tarihy-ulyktalgan-zhyl