ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДА
Қазақстан қиындықпен, жан күйзелісі мен сілкіністері арқылы ескі өмірдің ескі құндылықтарын қирата отырып, мемлекеттік меншіктен жекеге, әкімшілік-әміршілік экономикасынан байсалды да ұтымды жоспарлау мен менеджментке, нарыққа көшті. Мұның бәрі тек ғылыми мақалалар мен кітаптарда ғана түсінікті әрі опоңай бола қалатын секілді. Ал өмірде – бұл буырқанған теңіз толқу мен торығу сезімдерінің, әртүрлі топтар мен тіпті ұрпақтар мүддесінің шарпысуы. Өкінішке қарай, ауыспақ заманның өмір философиясы осындай. Мұның бәрін біз өз жүрегіміздің тебіренісі арқылы өткіздік.
Біздің жас буынның көпшілігі бүгінгі табыстардың қандай алып күш-жігермен, қандай ауыр күйзелістермен келгенін біле бермейді. Олар мұның бәрі біздің іші-тысымызда болған, біздің ерік-жігеріміз бен төзіміміздің арқасында жүзеге асқан сол бір орасан өзгерістердің нәтижесі екенін білуі және есте ұстауы керек.
Қазір Қазақстан дағдарыстан шығудың жарқын мысалы болып табылады. Сарапшылардың пайымдауынша, экономикалық реформалардағы Қазақстанның көшбасшылығы ТМД елдері арасында өтпелі кезеңнің саяси-экономикалық үлгісін айрықша сәтті таңдап алуында деп санайды, олар – күшті президенттік билік және оған қосымша шапшаң да жігерлі реформалар. Бірден айту керек, реформаларды жоғарыдан жүргізуге тура келді. Бұл тік сатылы күшті биліксіз табысқа жете алмайтын уақыт еді.
Дәл осы формула тәуелсіз мемлекетімізді құру мен нығайтуға, экономика мен саяси өмірдегі реформалардың нақты да дәйекті жүргізілуіне, ықпал етті, еліміздің ішкі саяси тұрақтылығына кепілдік берді. Сол кезеңде парламенттік басқару түрі мен төмен саяси мәдениет жағдайында Қазақстан үздіксіз экономикалық және саяси реформалар дағдарысына душар болатыны түсінікті еді. Өз тәуелсіздігін аса қатаң экономикалық дағдарыс жағдайында құрып жатқан жас мемлекетті бұл бейберекеттік пен тоқыраушылыққа апарып соқтырмай қоймайтын еді.
Солай бола тұра, мемлекеттік қамқоршылдықтан экономикалық еркіндік пен кәсіпкерлікке жеделдете көшу тек халыққа ғана емес, мемлекеттік аппараттың үлкен бөлігі үшін де өте жайлы шаралар бола қоймағанын жасырмаймын. Бұл міндет көбінесе ықпал етумен, тұрғындар үшін жанға батарлық тәсілдермен шешілді. Кейде сондай және басқадай қадамдардың қажеттігін сезіне отырып, адамдарды көндіруге, белгілі дәрежеде оларға қысым жасауға да тура келді. Кейде өмірдегі жүргізілген өзгерістер үшін жеке өзіме жауапкершілік алуға да тура келді. Осының барлығы да «бәрі ретіне келер», реформалар толықтай түсіністік жағдайында жүргізілер деп күтуге уақыттың жоқтығынан еді. Ондай жағдайда біз ештеңені де – не мемлекетті, не экономиканы реформалай алмайтын едік.
Оның есесіне қазір нәтиже көз алдымызда – ендігі жерде істің бәрін, негізінен, азаматтың өзі шешеді. Бүгінде экономиканың жеке меншік секторы тұтастай алғанда республиканың өндірістік әлеуетінің 90%-ынан астамына билік етеді. Шағын және орта бизнестің өкілдері қалыптасты, бейімделді және олардың қатары кең қанат жайып жалғасуда. Атап айтқанда, бұл адамдар қазір, көптеген бағалаулар бойынша, нағыз орта таптың негізін құрайды, жалпы олардың пайда болуына біз барлық күш-жігерді салудамыз. Қазақстан үшін бұл неліктен соншалықты маңызды?
Өздеріңізге белгілі, қоғамның нақ осы бөлігі табысқа жетуге ұмтылып, сатып алушылық зор қабілетке ие болуда және мемлекеттік қазынаға кірістердің айтарлықтай бөлігін түсіруде. Нақ осы таптың нені жоғалтары да, неге ұмтылары да және мұрагерлікке не қалдыратыны да баршылық. «Орта тапқа» тән менталитеттің мақсаты, ең алдымен, өз өмірі үшін жауапкершілік сезімі, дербестікті терең сезінуі, өз өркендеуінің кепілі ретінде білім мен біліктіліктің құндылықтарын түсінуі болып табылады. Орта тап – ол мультимиллиардер де, қайыршы да емес, олар өзін-өзі қамтамасыз ететіндер. Қысқасы, мұнда «Мен» «Біз»-ден гөрі үстем тұрады. Бұл өз өмірінің, өз тағдырының қожайыны болғысы келген адамның ұмтылысы: онысы, әрине, іс-қызметінен, соған сәйкес, әкелетін кірісінен көрініс табады.
Қазақстанда орта таптың пайда болуының маңызды болатын себебі – ең алдымен, оның қоғамда нақты орын алуы қоғамның өз ішіндегі, сондай-ақ оның топтары арасындағы және қоғам мен биліктің арасындағы өзара қатынастардың сипатын сапалық жағынан өзгертуге қабілетті. Орта тап тұрақтылыққа бағытталған және оның өзі кез келген қоғамның ішіндегі тұрақтандырудың бастауы болып табылады. Бұл – «азаматтардың ұлты» қоғамның саяси өміріне қатысу, елдегі саяси шешімдердің қабылдануына ықпал ете алатын маңызды тетік екенін түсінетін, өзін-өзі басқаратын көпшілік.
Міне, сондықтан мен өз басым бұл мәселеге аса зор көңіл бөлемін және оны өз сөздерімде ғана емес, басқадай жолдармен де үнемі көтеріп жүремін. Жекешелендіру үрдісі қазақстандық орта таптың пайда болуы үшін негіз қалап, адамдардың өзінікі деген пәтерлер алуына, бизнестерін бастауға, нәтижесінде, қожайын, меншік иесі атануға жағдай туғызды. Адамдар жұмыс істеуге, табыс табуға мүмкіндік алды. Ешкім де жоғарыдан нұсқауларды немесе жан сақтайтын шешімдерді күткен жоқ. Адамдар өз бизнесін және өз өмірін өздері құрды. Бұл өзгерістердің барлығы, ең алдымен, қазақстандықтардың өздері үшін қажет болды, ол өздерінің пайдасына жарады. Экономиканың түбегейлі реформалары жаңалық атаулыдан шошынған біздің азаматтардың түсінбестігімен немесе тікелей қарсылық білдіруімен қатарласа жүрді. 1990-шы жылдары өздерінің тарихи отанына кетіп қалғандардың Қазақстанға қайта орала бастауы қуанарлық жай болды. Мен, шын мәнінде, соған қуаныштымын.
Бүгінде біз экономикамыздың негізгі құрылымдық реформалары аяқталды деп сеніммен айта аламыз. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жүзеге асырылып, дамыған нарықтың стандарттарына сай шаруашылық орта қалыптасты. Жекешелендіру үрдісі – бұл әрқашанда мүлік бөлінісі. Социалистік тарихы бар кез келген мемлекет жекешелендіруді жүргізіп, мемлекеттік мүлікті әділ және тиімді бөлудің проблемаларымен ұшырасты. Әрине, біздің республикамызда да жекешелендіру кезінде істің бәрі дау-шарсыз өткен жоқ. Өйткені, ол кезде жұрт «жеке меншік» деген ұғымның өзінен қорықты. Алайда жекешелендірудің әрбір кезеңін жүргізген уақытта біз, бірінші кезекте, халық пен мемлекеттің мүддесін көздедік.
Әрине, экономиканы реформалау үрдісі қате әрекеттерден, ойланбаған шешімдер мен әлеуметтік қиындықтардан ада болған жоқ. Бірақ та біздің жағдайымыздың «қатты қызған» кезінде жекешелендіру «әділетті» немесе «әділетсіз» бола алмады. Оған тек тиімді немесе тиімсіз деген баға беруге болатын еді. Өздеріңіз ой түйіп көріңіздер. Бүгінде қоғамдық тамақтандыру мен сауда, жеңіл, тағамдық, өңдеуші өнеркәсіп, түрлі қызмет көрсетулер, агроөнеркәсіп өндірісі және т.б. секілді маңызды салалар экономиканың мемлекеттік секторынан толықтай шығарылды. Энергетика және шикізат салаларының үлкен бөлігі де жеке меншік секторға шығарылды. Денсаулық сақтау мен білім, әсіресе жоғары білім беру салаларында бәсекелестік орта жылдам дамуда.
Әрине, жекешелендіру туралы сөз болғанда, әлі күнге дейін әділетсіз жекешелендіруге жол берілді деп санайтын, меншікті қайта бөлуді қалайтын адамдар барын айту керек. Әлемде алғашқы жекешелендіру ешқашан әділ болған емес. Ешқандай қайта қараушылық болмауы керек және болмайды да. Біздің еліміздің заңы осындай. Ол ол ма, даму заңдылықтары осындай. Біз меншікті жұрттың барлығын сөзсіз қанағаттандыратындай етіп ешқашан бөле алмаймыз. Сөзіміз ащылау естілсе кешіріңіздер, бірақ біз мінсіз әділ қоғамды құруға тырысқанбыз. Мұның өзі біз үшін және біздің көршілеріміз – бұрынғы одақтас республикалар үшін қалай аяқталғанын бәріміз де білесіздер. Тарихтың бұл беті жабық тұр. Біз алға қарауымыз керек. Жасалған істі жетілдіріп, адам өмірін одан әрі жақсарту керек.
Бүгінде біздің азаматтардың: мемлекет ісін басқарушылардың, бизнесмендердің, фермерлердің экономикалық мәселелерде «ілгері кеткендігі» туралы жиі айтылады. Кезекті бір республиканың Тәуелсіздік күніне арналған сансыз көп сұхбаттар тұсында маған: «Кімдерден жақсы басқарушылар шығады – бұрынғы өндірісте істеушілерден бе немесе білікті менеджерлерден бе?» деген сұрақ қойылды. Менде бұл мәселеде үзілді-кесілді пайымдау жоқ. Әрбір жағдай өзінше ерекше. Дегенмен, соңғы 20 жылда кадр саясатын жүргізген тәжірибеме қарап, айта аламын: қазіргі жас адамдардың көбіне тән тамаша білімділік те, жоғары біліктілік пен таза ұмтылыс та бизнесте болсын немесе мемлекеттік қызметте болсын, табысты басшы болу үшін жеткіліксіз.
Сіздер көрдіңіздер, мен кезінде өте көптеген жас бизнесмендер мен мамандарға көп мүмкіндіктер туғыздым. Отыздағы жас адамдар Үкімет мүшелері, министрлер болды, сондай-ақ облыстардың, ведомстволардың, ірі компаниялар басшылығына жоғарылатылды. Ақиқатын айтсам, биліктің сынағына барлығы бірдей шыдап бере алмады. Бүгінгі күні мен ең алдымен, жасына қарай емес, ақылпарасаты толысқан, айналасындағы мән-жайды байыппен байқап, ең бастысы – өз мүмкіндігін тани білетін адам ғана басқарушы лауазымында болуы керек деген пікірге көбірек ойысамын. Бұрын біз басқарушы деп комбинат немесе зауыт директорын айтушы едік. «Менеджер» сөзі – шет елдікі. Ал мағынасы сол. Көптеген бұрынғы директорлар нарық жағдайында жақсы менеджерлер болып кетті. Тәуірі де, төмені де – нақты істе тексеріледі. Адамдар мен істі кім табысты басқарса, жақсы – сол. Реформаларды, соның ішінде, меншік иелері табын қалыптастыруға бағытталған реформаларды жүргізе отырып, біз, бейнелеп айтқанда, экономиканың «күретамыры» болып табылатын тиімді қаржы жүйесін құрудың қажеттігіне кез келдік. Ұлттық қаржы жүйесін қалыптастыру үрдісінің қалай өткені туралы келесі тарауда айтылатын болады.
Н.Назарбаев, «Тәуелсіздік белестері».