ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ

1993 жылдың 5 наурызында Елбасы «Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасын» бекітті. Бұл бағдарламаның қабылдануын жекешелендірудің екінші кезеңін жүзеге асырудың басы деп санаған жөн. Бұл бүкіл жекешелендіру үрдісінде бұқаралық сипат алып, ең күрделі
кезеңге айналған шақ еді. Үрдіс өзінің формасы жағынан да қарқыны мен тәсілі жағынан да, өте ерекше болды.
Мысалы, мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендіру қатаң орталықтандырылды, жергілікті әкімшілік органдарының осыған ұқсас қызметтері қысқартылды. Нысандарды жекешелендіруді дайындау мен жүргізудің бірыңғай тәртібі енгізілді. Жекешелендірудің кең ауқымдағы тәсілдері: акцияларды биржа, аукцион, коммерциялық тендер, инвестициялық тендер арқылы сату, жалға беру шарттарын аяқталып біткенге дейін сақтай отырып, нысандарды сату, ауылдық жерлерде әлеуметтік мәні бар нысандарды тікелей сату, өтімсіз нысандарды бағаның ең аз мөлшерін тағайындамай-ақ өткізу, белгілі бір кәсіпорындарды инвестициялық шарттармен сенімді басқаруларға беру бекітілді. Жекешелендіруді жүргізу кезінде пайдаланатын құралдардың әр түрлілігі жекешелендірілетін кәсіпорындар саласының ерекшелігін және тұрғындардың ағымдағы сұранысы мен менталитетін қатар ескеруге мүмкіндік туғызды. Жекешелендіру тәсілдерін таңдау кәсіпорын мөлшерімен
– негізгі капиталдың айналымдағы саны мен және сонын құнымен айқындалды.
Реформа жекешелендірудің төрт түрін: шағын, жаппай, жекелеген жобалар және агроөнеркәсіп кешені бойынша жекешелендірулерді қарастырды. Үкімет шағын жекешелендіруді қысқа мерзімде жүргізіп, алты мыңнан астам нысандарды өткізді. Бұл өз орайында тұрмыстық қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтандыру салаларын айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік берді. Жекешелендірудің аталмыш кезеңінің нәтижесінде республикада шағын және орта бизнеске тиесілі мыңдаған жекеменшік кәсіпорындар пайда болып, жемісті жұмыс жасай бастады.