ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ: ШЫМКЕНТТЕ 273 АЗАМАТ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ
Шымкент қаласында «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша Тұран шағынауданында орналасқан 7 тұрғын үй қолданысқа берілді. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов қатысып, инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері іске қосылған пәтерлердің иелеріне кілттерін табыстады.
- Тұран шағынауданында шамамен 1,2 млн. шаршы метрді құрайтын 15300 пәтерлі 319 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда бюджет есебінен 88 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Шаңырақ» бағытының қатысушалырын 27 тұрғын үйге қоныстандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «7-20-25» несиелік бағдарламасы бойынша 29 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталмақ. Несиелік бағыттағы тағы 50 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Олардың құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта азаматтардың баспана мәселесінің шешілуіне үлкен ықпал етпек, -деді қала әкімінің орынбасары.
Биыл қала әкімдігі тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде тұрғын үй сертификатына 500 миллион теңге бөлінді. Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеге дейін беріледі. Бүгінгі жаңа қоныс иелерінің 184-і де аталған сертификатты алып, баспаналы болып отыр.
«Шаңырақ» бағдарламасы арқылы көптен күткен баспанасына қол жеткізген тұрғынның бірі – Бахыткүл Нұрметова. Ол екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана. Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үй кезегіне мемлекеттік қызметкер санатымен тіркелген екен.
Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері қосылған тағы 14 үй пайдалануға беріледі.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі