ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ: ОРДАБАСЫДА ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Жағымды хабарды естіген аудан әкімінің орынбасары Оралбаев Азат, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Мырзагелдиев Бақытжан, Қараспан ауылының әкімі Омаров Нұржан, Қараспан емханасының аға дәрігері Мұхамед Гүлмира еліміздің демографиясына ерекше үлес қосып, дүниеге үшем әкелген Қараспан ауылының тұрғыны Төлегенова Нұрсұлу мен Оңғарбек Алпамысты арнайы барып құттықтады. Олар үшемдердің дені сау, ғұмыры ұзақ болсын деген тілегін жеткізіп, сый-сияпаттарды тарту етті.
Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, нәрестелер облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Екі ұл, бір қызды 30 жастағы Төлегенова Нұрсұлу ота арқылы босанған. Үшемдердің салмағы: 2070 грамм, бойы — 48 см, 2495 грамм, бойы – 47см, 2300 грамм – бойы 47 см. Қазіргі таңда сәбилер салмақ қосып, жағдайлары бір қалыпты. Нәрестелерге жақындары Ернұр, Арнұр мен Балнұр есімдерін берген.
Айта кетсек, үшем дүниеге келген отбасының төрт перзенті бар. 30 жастағы келіншек 7 баланың анасы атанды.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА.