ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ: ШЫМКЕНТТЕ «ЖҰЛДЫЗДЫ 30 КҮН» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ
Үшінші мегаполисте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар айлығы басталды. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар жылдың басынан басталды. Әр ай белгілі бір салаға арналды. Енді бүгіннен бастап «Жұлдызды 30 күн» жобасы басталып, 17 желтоқсанға дейін жалғасады. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бекіткен жұмыс жоспарына сай өтетін жоба аясында 107 тармақтан тұратын іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде. 17 желтоқсанға дейінгі әр күнге жеке атау берілген. Мысалы, бүгін – «Студенттер күні». Соған сай жастарға қатысты іс-шаралар өтуде, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Спикердің айтуынша, жоба 6 бағытты қамтиды. Олар – ұлттық құндылықтарды дамыту; білімді жастарды қолдау; мәдениет саласын дамыту; кәсіпкерлік, туризм және цифрландыру; азаматтарды әлеуметтік қолдау; мерекеге орай ашылатын түрлі нысандар.
Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша оннан астам іс-шара ұйымдастырылады. Шыңғыс Жұмабекұлы іс-шаралар қаладағы эпидемиологиялық ахуалға қарай, барлық талапты сақтай отырып өткізілетінін мәлімдеді.
НҰРЛАН БЕКТАЕВ.