ТӘУЕЛСІЗДІК ТӨЛ ӨНЕРІМІЗДІ ТҮЛЕТТІ

1991 жылдың 16 желтоқсаны – халқымыз үшін ақ түйенің қарны жарылған киелі күн, халқымыз бақыт құсын қолына қондырған күн. Елімізде жүзден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде.Бүгін тәуелсіз еліміздің туы күннен-күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделі күн санап артып келеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деген осы болар?! Бұл еліміздің әр азаматының көңіліне қуаныш ұялатып, қиялына қанат қақтыратыны хақ.

«Ел тәуелсіздігі – халқымыздың өз алдына дербес мемлекет болуы, баба арманының орындалуы, ата-әжелеріміздің қайғысыз көңілі, балаларымыздың риясыз күлкісі, тұтас елдің береке-бірлігі, тыныштығы. Тәуелсіздік бізге көп жетістік сыйлады. Таңды алаңсыз атыруымыз, туымыздың зеңгір көкте желбіреуінің өзі зор жетістік. Өнер саласында жүргеннен соң, Тәуелсіздіктің ұлт өнері мен мәдениетіне бергені мен берерінің көп екендігін айта кетуім керек. Төл өнеріміздің қайта түлеп, қасиетті мұрамызды түгендеп, тарихымызға үңіліп, жоғалтқанымызды табуымыздың бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Сахнада еркін ән салуымыз, өнерімізді халыққа танытуымыз еркіндігіміз болмаса, бүгінге жетпес едік. Ұлттық құндылықтарымызға тереңінен үңіле бастауымыз да бүгінгі күннің жемісі деп білемін », — дейді Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина.

Ол тәуелсіздіктің төл өнерімізді қайта түлетуге жол ашқанын айтады.