ТӘУЕЛСІЗДІК ТӨЛҚҰЖАТЫ — АТА ЗАҢ
Елдің негізгі құжаты — Ата Заң. Елдің айбары мен абыройы — Ата Заң. Қолданыстағы Ата Заңда көрініс тапқан жаңашылдықтардың барлығы тарих көрсетіп отырғандай тәуелсіз елімізді мүлдем жаңа деңгейдегі қоғам қалыптастыруға жол ашқан болатын. 1995 жылғы Конституцияда көрініс тапқан халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін пастулаттық нормалардың барлығы Елбасының көрегендігінің арқасында өмірге енді десек, артық айтқандық болмас.
Оған Елбасының «Қазақстан жолы» атты еңбегіндегі мына жолдар дәлел болады: «Менің бұл ұсынысым – Республика қызметінің іргелі принциптерін Конституцияның бірінші бабында бекітіп беру қажеттілігі туралы болды. Бұл ұсыныс мені мемлекеттік саясаттың ең негізгі басымдықтары Негізгі Заңда анықталуы тиіс деген пікірге әкелген, өзімнің көп жылдық ой-толғаныстарымның жемісі еді. Менімен бірге жұмыс істеген заңгерлер басында бұған қарсы болды, олар бұл принциптер заңдық қағидаларға жатпайды, ал Декларациядан өзгеше тікелей іс-қимылдың заңдық құжаты болып табылатын Конституцияда ондайлар болмауы керек деп есептеді.
Соған қарамастан, қызу таластардан кейін мен жобаға осы принциптерді қалайда енгіздірттім. Оған жататындар: қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде Республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. 1993 жылғы Конституцияда мұндай принциптер тіптен де болмаған еді, сондықтан ол көп жағдайда мемлекеттің саясатын кездейсоқтық пен болжаусыздыққа ұрындыратын. Іргелі принциптер – бұл біз қандай да болмасын реформаларды іске асырсақ та ең басында таңдап алған жолдан ауытқыттырмайтын бағдарлар болып табылады».
Шын мәнінде, республиканың болашақтағы негізгі жүрер жолының қағидалық бастамалары анық болуы қажет, сонда ғана ол мемлекет өзінің алдына қойған бағытынан ауытқымай тәуелсіздікті ту етіп, мемлекеттілік деген теңізден мүдірмей өтеді. Дамыған елдердің конституцияларына зер салып қарайтын болсақ, Француз Республикасының 1958 жылы қабылданған Конституциясының преамбуласында республика қағидалары орын алған болатын. Италия Республикасының 1947 жылғы Конституциясының 2-бабында да республиканың даму бағытын көрсететін қағидалар көрініс тапқан. Ондай мысалдарды көптеген дамыған елдердің негізгі заңдарынан көре аламыз.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы жоғарыда айтып өткендей, Елбасының тікелей басшылығымен және ұйытқы болуымен өмірге келген негізгі заң. Белгілі дәрежеде Конституция өзінің тарихи миссиясын орындады деп айтуға болады. Конституциямыз тәуелсіздікті дамытумен қатар, елімізде толыққанды құқықтық, әлеуметтік, демократиялық, зайырлы қоғамды шынайы орнықтыруда құқықтық жүйеміздің негізгі діңгегі болып тұр.