ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫН БІРГЕ ҚАЛАДЫҚ!
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен демографияға, халықтың әлеуметтік жағдайына, ауыл мен ауыл шаруашылығының дамуына, республикалық бюджеттің атқарылуына, т.б. салаларға байланысты ойларымды ортаға салып, ұсыныстар беріп, заң шығарушылық қызметке белсенді араластым. Мен палатаның және палаталардың бірлескен отырыстарында заң жобаларын талқылау барысында Үкімет басшысы мен мүшелеріне 176 рет сұрақ қойып, 142 заң жобалары бойынша сөз сөйлеп, өз ұсыныстарымды айттым. 34 рет заң жобалары мен Парламенттің тыңдауларында, дөңгелек үстелдерде баяндамашы болдым. Сенат депутаты ретінде облыс көлеміндегі толық шешімін таппай келе жатқан мәселелерді облыс, қала, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттарымен бірлесе, ақылдаса отырып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, республикалық бюджет арқылы қаржы бөлдіріп отырдым. Осындай бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде облысқа ондаған мектептер, таза ауыз су объектілері, ауруханалар, жолдар, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін тарту, канализация, бөгеттер мен каналдар жөндеу және тағы басқа көптеген объектілер салынды. Өзім тікелей Үкімет басшысына дейін кіріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдірген объектілер туралы айтатын болсам, олар: Кентаудағы жылу орталығы, Кентау, Түркістан, Жетісай қалаларының канализациясы, Кентау, Арыс, Ленгір қалалары мен Отырар, Түркістан, Ордабасы, Сарыағаш аудандары елді мекендерінің, Мырзакент, Атакент, Бөген елді мекендерінің ауыз суы, Шардара, Бөген, Қошқорған, Ақылбексай су қоймалары мен Арыс-Түркістан каналдарын
күрделі жөндеу, суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайын жақсарту облыс аудандарында салынған ондаған мектеп пен балабақша құрылыстары және тағы басқалары.
Сенат депутаты ретінде билік органдарына еліміздің экономикасының дамуы, әлеуметтік сала, мектеп, халықтың әл-ауқаты, балалар, аналар жәрдемақысы, жұмыссыздық, ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту, елді мекендерді газдандыру, таза ауыз су, көрнекті қайраткерлердің мерейтойларын атап өту, тіл мен демографиялық жағдай, тағы басқа мәселелер бойынша 189 депутаттық сауал жолдадым. Бұл сауалдардың көпшілігі оң шешімін тапты. Өз сауалдарымда еліміз үшін, өзімнің туып-өскен оңтүстік өңірі үшін маңызды мәселелерді, экономиканың проблемалары мен ел өмірінің толғақты да түйінді мәселелерін көтеріп отырдым. 2005-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен аудандарының тұрғындарымен, мәслихат депутаттарымен, активпен, кәсіпкерлермен, ардагерлермен 350 рет, ал жеке еңбек ұжымдарында 705 кездесу өткіздім. Парламент Сенаты депутаты ретінде 1211 азаматты қабылдап, тиісті өтініштерін қарап, көмектестім. Парламент депутаты ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жолдарын көрсетіп, ондағы орын алып отырған кемшіліктерді сынап, проблемалардан шығу тетіктерін нақты көрсете отырып, республика баспасөз беттерінде, ғылыми журналдарда 201 мақалалар, 65 ғылыми мақалалар жарияладым. Тұрақты түрде республикалық теледидар мен радио арқылы қоғамның өзекті мәселелері жөнінде ой қозғап, пікір білдіріп
отырдым. 2006-2017 жылдардағы Сенат депутаты қызметімдегі еңбек нәтижелерімнің көрсеткіші іспетті «Ел мерейі жолында», «Сөз сұраймын», «Елге қызмет — басты міндет» «Қызмет еттім халқыма» «Азамат ажары»атты көлемді кітаптар шығардым. Бұл кітаптарда Парламент отырыстарындағы сөйлеген сөздерім мен депутаттық сауалдарым, әр түрлі басылымдарда жарияланған мақала сұхбаттарым топтастырылды. Ал, 2017 жылы «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық кітабым жарық көрді. 2019-2020жылдары еліміздің дамуының өзекті мәселелерін қозғайтын «Мерей», «Сол бір жылдар»деген кітаптарым жарыққа шықты. Ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларға арналған «Этапы становления государственного регулирования сельского хозяйства Республики
Казахстан», «Ауыл проблемалары» деген кітаптарым, «Государственная регулирования развития сельского хозяйства» атты оқу-әдістемелік кітабым жоғары оқу орындарында оқу процесінде пайдаланылады. Елге сіңірген еңбегім «Парасат», «Құрмет», «Құрмет белгіci» «Содружество» ордендерімен және ондаған медальдармен атап өтілді. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен және арнайы «Барыс» белгісімен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Алғыс хатымен, Парламент Сенатының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталарымен марапатталдым. 2017 жылы маған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрметті мүшесі атағы беріліп, «Ана тілі» айрықша белгісімен марапатталдым. КСРО азаматтық қорғанысының, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің, ҚР Ауыл шаруашылығы саласы үздігі белгілерімен, КСРО-ның халық шаруашылығын дамытудағы 1981-1982-1983 жылдардағы алтын және күміс медальдарымен, Оңтүстік Қазақстан
облысының еңбегі сіңген медалімен, Оңтүстік Қазақстан облыстық совет пен оның атқару комитетінің, облыс әкімшілігінің, облыстық мәслихаттың бірнеше грамоталарымен марапатталдым. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Отырар, Сайрам, Созақ, Шардара аудандары мен Түркістан қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматымын. Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде студенттерге дәріс оқимын. Тәуелсіздік асыл арманымыз еді. Міне, сол аңсаған арманымызға қолымыз жетті. Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен, азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды
иіп, тағзым етеміз.
Жоғарыда айтылғандай, мен еліміздің тәуелсіздігін қабылдаған XII шақырылған ҚКСР Жоғары Кеңесінің депутаты ретінде, тәуелсіздік туралы заңға қол көтеру мәртебесіне ие болдым. Міне, содан бері 30 жыл өтті. Тарих өлшемімен алып қарасақ, қас қағым сәт. Бірақ, осы жылдары бір ғасырда атқарылатын
істерді тындырдық. Кеңестер Одағынан бізге қалған мұра – күйзелген шаруашылық, күйреген экономика, тоқтаған өндіріс, тоқыраған ғылым, қысқасы, барлық саладағы дағдарыс еді. Біз соны жеңдік. Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз?
Әрқайсысымыз өзімізге осы сұрақты қойып, ойлансақ, еліміздің жетістіктері көз алдымызға келеді. Тәуелсіздік жылдары еліміз небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды, өмір де, сана да өзгерді. Біздің ұрпақ, біз осыған тікелей араластық, ат салыстық!
ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ,
ҚР ПАЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ.