ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАЙЛЫ ТОЛҒАМДАР САҚТАЛҒАН ОРЫН
Тәуелсіздік жайлы толғамдардың толық нұсқасымен танысқыңыз келсе Елбасы кітапханасына ат басын бұрыңыз. Мұнда қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының, ел тәуелсіздігінің, президенттік институттың дамуының нағыз тарихи иесі болып табылатын бірегей архивтік құжаттар сақталуда. Олардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолжазбаларының түпнұсқалары – оның тәуелсіздік алғанға дейін елді терең дағдарыстан шығару жөніндегі ойлары, тезистері мен жоспарлары жазылған дәптерше беттері ерекше орын алады.
Кітапхана қорында Н.Ә. Назарбаевтың жеке мұрағатындағы 20 мыңнан астам басылым мен 700 жәдігер жинақталған: олардың арасында мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, Президенттің өз қаражаты есебінен алынған өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар бар. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен, құнды жәдігерермен, бірегей мұрағаттық материалдармен үнемі толықтырылып тұрады.
Қор үш бірдей галереяға бөлінеді. Бірінші галерея – Жеке жинақ деген атауды алған. Оған Мемлекет басшысына әлемдік деңгейдегі қоғамдық және саяси қайраткерлер, өзге мемлекет басшылары, өнер мен мәдениет майталмандары сыйлаған кітаптар енгізілген. Сондай-ақ, осы жинақта Президент өз қолымен жинаған өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап шыққан сирек кездесетін кітаптар да бар.
Екінші галерея – «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталады. Онда Қазақстан туралы, Тәуелсіз еліміздің тарихы туралы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының кітаптары мен ол туралы кітаптар сақталады.
Үшінші галереяға – әлемдік көркем әдебиет деген айдар тағылған. Бұл залға әлемдік көркем әдебиеттің ең үздік үлгілері, жаһанға мәлім авторлардың жинақтары қойылған. Мұнда қазақ әдебиетінің үздік үлгілері де ерекше мәртебеге ие. 2004 жылы Елбасының бастамасымен құрылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптар да осы бөлімге қойылған.Кітапханаға келушілердің ерекше ықыласын туғызатын нәрсе – Президенттің жеке жинағы. Әрине, ондағы кітаптардың көбін кітап дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда бұл кітаптардың құндылығы – Елбасыға сыйлаған адамдардың өз қолымен жазған тілек-лебіздерінің болуында. Бұл жәдігерлер елдің даму жолын айғақтайды, Елбасының тұлғасы мен дарындылығының тереңдігін айшықтайды.
Алтын АСҚАР