ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ КҮНГЕЙДЕГІ ТУРИЗМ САЛАСЫ

1991 жылы тәуелсіздікке қолжеткізіп, дәуірдің жаңа кезеңіне бет алған елімізде туризм саласы да дамудың жаңа сатысына көшті. Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болып, 1993 жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. Ал, араға төрт жыл салып,  яғни 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды.  “Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы” қабылданған заңда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, тағы басқа мәселелер тұжырымдалды. 2002 жылы республикада 430 туристік ұйымдар, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеген. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер (гидтер) қызмет көрсетіп, Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас жасады. Бірнеше елдерге чартерлік әуе рейстері жолға қойылды.

Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді. Осыған сәйкес елімізде  туризмнің барлық түрлері — танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу бар.  Ол үшін саяхаттық маршруттар белгіленіп, әр түрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Туризм мамандары еліміздің бірнеше  жоғары оқу орындарында даярланады.

Шымкент қаласының республика аумағында туристік маңызы зор. Күншуақты жылы ауа райы, табиғи-климаттық аймақтардың алуан түрлілігі, Ұлы Жібек жолы бағытында ірі тарихи қалалардың (Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд және т.б.)орналасуы шаһарда туризмнің дамуына көптеген фактор болып табылады. Бүгінде Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап болып табылатын инфрақұрылымы дамыған ірі қала.

Шымкент өзінің осындай бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, оңтүстік өңірлері үшін негізгі туристік орталыққа айналып келеді. Қала туристердің ағынын қабылдай отырып, оларды туристік өнімдер туралы хабардар етіп, әрі қарай жүру маршруттары бойынша бағыттауда,  бұл ретте бір мезгілде өз әлеуетін пайдалана және арттыра отырып, қаланың өзінде қызметтер ұсынылуда. Бүгінде Шымкент қаласында ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Атап  айтқанда, қалада 108 қонақ үй, 10 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 18 аквапарк және 4 табиғи су қоймасы орналасқан.

Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар  басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласына келуші туристер саны          2003 жылы 37 708 адамды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 213 394 адамға жетіп 5 есеге өскен. Сонымен қатар, орналастыру орындарының саны 2003 жылы 6 бірлік болса, 2020 жылы 108 бірлікті құрап, 18 есеге артты. Орналастыру орындарында 2003 жылы 51 881 орын ұсынылып, 2020 жылмен  салыстырғанда 6,5 есеге ұлғайған. Тәуелсіздік жылдары қалада жеке инвестиция және бюджет есебінен саябақтар, мұражайлар, демалыс және орналастыру орындары сияқты 100-ден аса туристік нысаніске қосылыпты. Көліктік қолжетімділікті арттыру бағытында Қазақстанның өзге өңірлерімен 7 рейс ашылған болса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл тағы да жаңа 3 рейс ашу жоспарланып отыр (Семей, Ақтөбе, Орал).

Екі мың жылдан астам тарих бар  ыстық өлке тұрғындарының менталитет ерекшелігімен, тамырлы тарихымен көпті қызықтыратын  қала. Алдағы уақытта үшінші мегаполис Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы мен Шығыс базарын біріктіретін зәкірлі туристік орталыққа айналатын болады. Ол үшін «Ескі қалашық» аумағында «Шымқала» кешені іске қосылған. Жобаны әрі қарай сапалы жүзеге асыру үшін аумақтың жоспары әзірленіпті. Бәсекеге қабілетті туристік дестинация құру мақсатында «Ескі қалашық тарихи-мәдени кешені» жобасы Қазақстан Республикасы Туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енгізілді.

Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарды туристендіру мақсатында арнайы жоспар дайындау жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда, «Хызыр» мұнарасының аумағы меценаттар есебінен абаттандырылды. Қалада орналасқан 30 туристік нысанға 3 тілді аудиогиді бар QR-төлқұжаттар жасалып, оларға бағыттайтын 30навигациялық стела орналастырылды.Туристердің өңірде болу жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық» орталығы құрылды. Қаланың туристер көп шоғырланатын 7 нүктесінде (әуежай, теміржол вокзалы, Арбат, «Абай», «Орталық», «Тәуелсіздік» және «Жайлаукөл» саябақтары) туристік дүңгіршектер іске қосылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілуде.

Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту аясында туристік автобустарға арналған тұрақтар жасалуда. Оның алғашқысы әл-Фараби алаңында орналасса, алдағы уақытта аталған тұрақтар Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент-цирк, Наурыз алаңы, Дендросаябақ және Ордабасы алаңында да пайдалануға берілетін болады. Қазіргі таңда қалада тарихи-мәдени (сакралды) туризм, экстремалды туризм, гастрономиялық және медициналық туризм түрлеріне басымдық берілген.

Күнгей туризмі Шымкенттен басталатынын ескерсек, салада алда атқарылар жұмыстар әлі де көп. Ал,  тәуелсіздік алған  отыз жылда, әсіресе, жаңа ғасырда атқарылған еңбек те көңіл тоғайтады. Үшінші қала мәртебесін алғанына үш жыл  енді ғана толған қаланың әлем туристеріне қол бұлғар кезі әлі алда деп сенеміз!

Л.МӘЛІК