ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТАРИХ: САЯСИ СҮРГІННІҢ КӨЗІ ТІРІ КУӘГЕРЛЕРІ
Ұлттарды жоюдың түрлі тәсілі болатынын тарихтан білдік. Еліміз есеңгіреп барып еңсе тіктеді, жұтылып бара жатып жұрт болды. Күштеп ұжымдастырудың ауыр салдарын бастан кешірді, Голощекиннің Ашаршылығын, сталиндік кезеңнің Үлкен террорын өткізді. Бір қалта бидай үшін итжеккенге айдалып кеткендердің де дерегін естідік. Амал не? «Ағашты құлататын балтаның сабы да ағаш болады» демекші, қазақтың қазаққа қастық қылған тұстарында «Өз қолымен жаққан отқа өзі түскен қайран елім-ай» деп қынжылдық. Осы дүрбелең жылдардың көзі тірі куәгерін іздеп, тоқсанға таяған әжеміздің әңгімесіне көңіл қойдық.
— Әжем Есен 99 жасында дүниеден өтті. Ол кісі ашаршылық жылдардағы бастан өткерген, көрген-білгендерін айтып отыратын. «1933-34 жылдарда адамдар аштан көп қырылды. Бір күні Тұрақтыдан келе жаттық. Жолда 25-30 жас шамасындағы келін өліп жатыр екен. Жеті-сегіз айлық баласы кеудесіне жабысып еміп жатыр. Ана деген ең ақырғы демі біткенше баласының жағдайын ойлайды. Мұндай мейірімге толы жүрек анада ғана бар. Репрессия жылдары өзімізден шыққан орысша білетін шолақ белсенділер шаш ал десе бас алып, аз малы, арзымайтын астығы болса да мынаның малы көп, бай деп көрсетіп, соңғы бір қап бидайына дейін кәмпескелетіп жіберген. Үйімізге келіп темірмен піскілеп, тапса бір қап бидайды да алып кететін. Түнде астықты қаппен арқалап апарып моланың арасына көметінбіз. Ал, қырманнан ұрлағаның әшкереленсе соттатып жіберетін» дейді.
***
Әрі құдағиым, әрі сырласым болған Зәкеңнен естігенім:
— 1936 жылдың жаз айы еді. 17 жасымда күйеуге шықтым. Жолдасым ауылнай болып істейтін. Сөзге шешен, ұйымдастырушы, іскер адам болды. Бір күні кешкі асымызды ішейін деп отыра бергенімізде мылтығы бар үш адам кіріп келді. Еш сөзге келместен:
— Жинал, біз сені әкетуге келдік, — деді. Біз аң-таң күйде, не істерімізді білмей дағдарып қалдық. Үйдің астаң-кестеңін шығарып ақтарды. Ештеңе таба алмады. Сөйлесуге де мұрша бермеді. Алдына сап айдап кете берді. Ең соңғы рет артына қарап:
— Зәке, аман-сау бол, енді көреміз бе, көрмейміз бе?- деген сөздері мәңгі құлағымда қалды. Кейін менің де соңыма түсті. Екі милиция сау етіп кіріп келді. Халық жауының әйелі деп арбаға отырғызып алып жүрді. Қарағандыға апарып қамамақшы екен. Көп жер жүрдік. Бір ауылға келгенде екеуі шөлдеп бір үйге кіріп кетті. Менің аяғым байлаулы еді. Олар үйге кіргенде дереу аяымды шештім. Арбадан секіріп түстім де жүгірген бойда үй-үйдің арасымен тығылып қаштым. Бір жерге келіп керексіз боп үйіліп жатқан заттардың арасынан жаман мата тауып алдым. Соны басыма жамылып, қайыршыға ұқсап күресіннен әр нәрсе теріп жегенсіп жүрдім. Жаяулатып қай жерге келгенімді білместен тоқтаусыз жүре бердім. Бір ауылға келсем кезекте көп адамдар тұр екен, мен де кезекке тұрдым. Аш адамдарға бес қадақтан ұн таратып жатыр. Маған да бес қадақ ұн берді. Дем алып, соны талғажау етіп біраз отырдым. Тағы да бас ауған жаққа жүре бердім. Бір жерде көп адамдарға тамақ таратып тұр екен. Одан бір тостаған көже іштім. Шаршап-шалдығып жүріп Жезқазғанға жетіппін. Сол жерге тұрақтап, әл жинап жұмыс істеп жүрдім. Күйеуге шықтым. Одан екі ұл, екі қыз сүйдім. Бірақ, олар да қудалауға ілінер деген қорқынышпен зұлмат жылдардың жанға салған жарасын айтқан емеспін» деп әңгімесін аяқтады.
Бодаудың бұғауында өткен күндердің салқыны әлі де сезіледі. Тектілерін тұқыртып, мықтыларын мұқатып, айдап-атып тастаған соң елге қалпына келу қай кезде де оңай болмаған. Тарих толық қатталып біткен жоқ. Тарихты тану өткенді ұлықтау, ерлерді ұмытпау үшін ғана емес, осындай оқиғалардан сабақ алу үшін де қажет сияқты. Қазақтығымыз, азат күніміз асқақтай берсін!
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ