ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТУҒАН ТІЛ
Еліміз тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, еліміздің қуаттануына және гүлденуіне Елбасының еңбегімен сараптау саясатының арқасы деп білеміз. Елбасы еліміздің өркендеп, өзге елдермен тереземіздің тең болып, иық тіресе биікке қарай өрлеуімізді кемеңгерлікпен ұйымдастыра білді. Ол бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жиып, татулық пен бірліктің тізгінін ұстаған кемеңгер көшбасшы.
«Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру. Қазақ елі барда қазақ тілі де болады . Өседі-өркендейді»,- деп Елбасымыз айтқандай, қазақ тілі – мәңгілік тіл деп білемін. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыған халық та жер бетінен жоғалады. Ана тіліміздің тұғыры, тағдыры үшін бабаларымыз қам-қарекетсіз болған емес. Халқымыздың аса бай рухани құндылығы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Ана тілі – әр адамның өз ұлтының жан дүниесімен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры. Онсыз халықтың аты бар да, заты жоқ.
Осындай қасиеті мен құдіреті күшті халықтың рухани қазынасы тіл туралы ұлы тұлғалар ой қозғаған. Академик Радлов: «Қазақ тілінде түрлі мәдениетке енгізген әсері француз тілінің Еуропаға тигізген әсерімен бірдей»,- деп ана тілімізді бағалаған. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы: «Қазақ тілі әр түрлі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады»,- деп қазақ тілінің сан қырлы жақұттай таза, бай екендігін толық жеткізеді. Сонымен бірге « Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің шебері»,- деп Бауыржан Момышұлы өз ойын толығымен аша біледі.
Ана тілі көңіліңе гүл егер
«Ана тілі – ғұмырым» деп біле бер
Өзге тілде сөйлей білу – бір өнер
Ана тілде таза сөйлеу – шын өнер.
Міне, Қазақ жұрты өз тілінде сөйлеуді мәдениеттілік белгісі деп, ана тілін құрметтеп қадірлеген ел бола білді. Сондықтан да ана тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!